«XXI ғасыр көшбасшысы»: Оралда облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды
Орал қаласында «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтіп, өңір намысын қорғайтын жеңімпаздардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл байқау жастардың ойлау қабілетін шыңдап, көшбасшылық қасиетін ұштайды. Тележоба біраз жылдан бері миллиондардың сүйікті бағдарламасына айналды.
Назым Қоныс Ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің 11-сыныбында оқиды. Былтыр облыстық пән олимпиадасында математикадан үшінші орын иеленген. Физикадан да бірнеше байқауда топ жарған. Бос уақытында тоғызқұмалақ ойнап, кітап оқығанды ұнатады. «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынының облыстық кезеңінде ең көп ұпай жинады.
Назым Қоныс, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Мен қатты қуанышты болдым. Себебі облыстан 109 адам қатысып, үздік оқушылардың қатарында болу – үлкен мәртебе. Көптеген бағыттарды қамтитын болғандықтан, қазірден бастаған дайындықты дұрыс деп санадым. Өзім 11-сынып болғандықтан, шараға дайындық пен ҰБТ-ға дайындығымды қатар алып жүруім керек.
Назыммен тең нәтиже көрсеткен Ерасыл Сейілхан дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицейінде оқиды. Тарихшы болуды армандайды. Жалпы байқау қорытындысында облыстан дара шыққан бес оқушының екеуі аталған білім ордасынан.
Райымбек Мақсот, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Республикалық кезең Алматы қаласында болады және бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа қала, жаңа орта, жаңа таныстарды кездестірем. Бір жағынан осы оқыған кітаптарым, сол кітаптардан алған пайдалы ақпараттар көп көмегін тигізді. Болашақта мен инженер болғым келеді.
Шынар Зұлқашева, С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
- 5 үздік оқушының екеуі біздің мектептен болғаны – үлкен мақтаныш, үлкен мәртебе. Бұл оқушылар – 11-сынып оқушылары. Бұл балалар республикада көшбасшылар қатарынан көрінеді, елдің көшбасшысы болады деп сенеміз.
Тағы бір жарыс жеңімпазы, Оралдағы №41 мектеп оқушысы Нұрдәулет Серіктің мақсаты – болашақта құрылыс инженері болу. Дегенмен бір кәсіптің шеңберінде қалып қоймай, жан-жақты болсам дейді. Осы тұрғыда байқаудың берері мол көрінеді.
Нұрдәулет Серік, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Жарыстың бағыты адамның дүниетанымын зерттеу, сосын шыңдау болды. Тек қана пәндік бағыт емес, бүкіл бағдардан келді сұрақтар. Өте жоғары деңгейде өткен сайыс деп айта аламын. Жарыста тек білімімізді шыңдағанымыз жоқ. Осы жерге келіп, жаңа достар таптық, керемет көңіл күй алдық.
Жеңімпаздардың 4-і облыс орталығындағы арнайы білім ордаларының шәкірті болса, ауыл мектептерінен жалғыз Саян Оразғали ғана үздік бестікке ілікті. Ақжайық ауданы Есенсай орта мектебінің оқушысы бұл кездейсоқтық емес дейді.
Саян Оразғали, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпазы:
- Адам өзі оқығысы келсе, ауыл болсын, қала болсын оқи береді. Ауылда болсаң да, қалада болсаң да, жетістік көрсетуге болады. Шексіз мүмкіндіктер бар. Мысалы, интернетте, барлық әлеуметік желілерде керекті кітап, керекті ақпарат бәрін тауып, қарауға болады.
Енді Жайықтың бес үміткері Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесе ұйымдастырған білім байқауының ақтық сынына дайындалады. Таяуда олар арнайы тәлімгерлердің бақылауымен әзірлік жұмыстарына кіріспек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.