Қызылордада «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті

Қызылордада «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті.

Жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қасиетін ұштайтын байқауда ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесе ұйымдастырған білім бәйгесінің ақтық сынында Қызылорда өңірінің намысын кімдер қорғайды?

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңіне 72 оқушы қатысты. Олар бұған дейін аудандық және қалалық кезеңде бақ сынаған 500 жастың арасынан ең жоғары балл жинаған. Байқауға қатысушылар 75 минуттаф тест түріндегі 60 сұраққа жауап беріп үлгеруі тиіс.

Баян Ниязова, "Дарын" облыстық қосымша білім беру орталығының директоры:

- Ең жоғары ұпай жинаған 5 оқушыны іріктеп алады. Тест тапсырмаларының барлығы 11-сыныптың оқу бағдарламасына сәйкес жасалған. Оқушыларға бұл бір жағынан беріліп тұрған мүмкіндік деп ойлаймын. Дәл осы уақытта мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындық жұмыстарынының үстінде.

Республикалық кезеңге жолдама алған бес оқушының бірі - Қызылорда қаласындағы нөмірі 4-мамандандырылған мектеп лицей интернатының 11-сынып оқушысы Фатима Әбдімәлікова. Болашақ дәрігер болуды армандайтын ол бүгінгі сынға тыңғылықты дайындық жасап келдім, дейді.

Фатима Әбдімәлікова, "XXI ғасыр көшбасшысы" зияткерлік сайысының облыстық кезең жеңімпазы:

- Менің көңіл күйім өте керемет,жақсы. Негізі бұл қазіргі заман білімдінің заманы, оқуымыз керек. Химия, биология, география, барлығы қамтылған. Жақсы деңгейдегі сұрақтар. Кәдімгідей менің нейрондарымды қозғалтып жіберді.

Қазалы ауданындағы нөмірі 249 мектептің екі оқушысы  да үздік бестіктің қатарынан көрінді. Бақдәулет пен Аружан мұндай сайыстар ҰБТ-ға дайындық кезінде білім деңгейімізді көтеруге септігін тигізеді деп санайды.

Бақдәулет Рысдәулет, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезең жеңімпазы:

- Тарихқа, сосын информатика, математика ғой дайындалып жатқан пәнім. Информатика бір сұрақ келді, өзім дайындалып жатқан пәннен аз болды. Ал тарихтан көп келді. Варианттарына қарап, сәл логикалық ойлансаң, жауап беруге болатын сұрақтар болды.

Аружан Серік, "XXI ғасыр көшбасшысы" зияткерлік сайысының облыстық кезең жеңімпазы:

- Бұл ойындар бізге білімімізді артыруға бізге көп пайдасын тигізеді интелектуалды ойындар. Дайындықты күшейтіп, барыншы келесі кезеңнен бірінші орын алуға дайындаламын.

Үздік 5 оқушының қатарында Қармақшы ауданынан келген Нұртілеу Жаңбырбаев пен жаңақорғандық Нұрсәуле Балтабай да бар. Енді олар Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесе ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңіне дайындалады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев