Түркістанда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынының облыстық кезеңі өтті
Түркістанда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Білім бәйгесінде мектепішілік және аудандық сайыстардан іріктеліп шыққан 193 оқушы бақ сынады. Бұл жолы топ жарған 5 жас республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды. Ойынды өткізуге Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі мұрындық болды.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңіне кіл мықтылар қатысты. Аудандық сайыста оқ бойы озып, облыстық кезеңге өткен талапкерлерді күрделене түскен 60 сұрақ күтіп тұрды. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» демекші, өзіне сенімділері берілген тапсырманы уақытынан бұрын орындап шықты. Солардың бірі – жетісайлық Сымбат Абай.
Сымбат Абай, Жетісай қаласы, Абай атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:
- 60 сұрақтың ішінде бізге биология, математикалық сауаттылық, тарих және дүниежүзілік тарих пәні бойынша сұрақтар келді. Мектеп бағдарламасына сай сұрақтар. Жауап беруге болады және жауап бердім деп ойлаймын.
Ал Келес ауданының 1 мамыр ауылынан келген Айбек Жадил жаратылыстану бағытында бақ сынады. Айтуынша, сайыс сұрақтары жеңіл болған көрінеді.
Айбек Жадил, Келес ауданы, 1 мамыр ауылындағы №23 жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Мен математикадан олимпиадаға келгеннен кейін математика бағыты сәл оңайлау болды. Қазір мен биология-химия пәнін таңдап отырғаннан кейін биология сұрақтары оңай болды. Тарихтан да сұрақтар жеңіл келді.
Білім бәйгесінің облыстық кезеңіне қатысқандардың барлығы – бұған дейін өңірдегі 17 аудан-қалада өткен сайыста 2 мыңға жуық оқушының арасынан үздік шыққандар. Сол себепті де сен тұр мен атайын дейтін мықтылардан жеңімпаздарды анықтау да оңайға соқпайды.
Медет Байтуғанов, Түркістан облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:
- Облыстық кезеңге 60 сұрақ әзірленді. Оның ішінде білімге, спортқа, өнерге қатысты, жан-жақты оқушының дамуына интеллектуалды сұрақтар жинақталған. 75 минут берілді. Осы уақытта 60 сұраққа жауап беріп, ең жоғары балл алған бес оқушыны республикалық кезеңге ұсынамыз.
Республикалық кезеңге жолдама алған бес оқушының бірі – Жетісайлық Бекзат Балтамаш. Ол «Дарын» мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы. Үздіктердің қатарында түркістандық Толғанай Бақыт пен Ордабасы ауданынан келген Аяжан Әти де бар. Сондай-ақ сарыағаштық Нұртаза Нұрай мен кентаулық Төлепберген Нұрбақыт та жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде Түркістан облысының намысын қорғайды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.