Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды.
Себебі бірнеше күн бұрын орталық алаңдағы шыршаны құру кезінде 4-5 метр биіктіктен мұғалім құлап жарақат алған еді. Ұстаз екі күн жансақтау бөлімінде жатып бүгін палатаға ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша қазір жағдайы қалыпты. Облыс басшылығы жағдайды тексеріп, кінәлілер жауапқа тартылды. Үш мектеп директоры қатаң сөгіс алды. Жергілікті әкімдік өкілдері мұғалімнің еміне кететін шығын түгел өтелетінін жеткізді.
Нұржан Ахметқалиев, Абай облыстық білім басқармасының басшысы:
- Бұл жағдайдың орын алуының негізгі себебі қала әкімдігінің өтініші түскен білім бөлімінің басшысына. Білім бөлімінің басшысы білім басқармасына ескертпей өз бетінше шешім қабылдап, аталған жағдай орын алып отыр. Білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Соған жол берген мектеп директорларына тәртіптік шара қолданылады.