Құжаты жоқ жандар қалай жерленеді?
Жаназасы оқылмайды, мәйіті жуындырылмайды.
Туған-туысы жоқ, жеке басы анықталмаған марқұмдарды атқарушы билік ақтық сапарға қалай аттандырып жүр? Құжаты жоқ жандарды жерлеу кезінде діни жоралғылар жасалмайтыны рас па?
Жалған дүниеде жалғыз қалған жандар. Өмірде өз орнын таппағандар.Қоғамға қажетсіз сезінетіндер. Барар жер, басар тауы болмай, көше кезіп кеткендер. Бір сөзбен айтқанда, ешкімі жоқтар жиналған жер. Сан түрлі сынақтан сағы сынып, жігері жасығандар осылай "Демеу" орталығынан медеу табады.
Сәкен Сәтбеков туыла сала тағдырдың тепкісінде қалды. Басқалар секілді балдырған кезі бақытты сәттерге толы болған жоқ. Балалар үйінде өсті. Қартайғанда да қиындықтың қамытын киді. Қазір «Демеу» орталығын паналап жүр.
Сәкен Сәтбеков, Астана қаласының тұрғыны:
- Туған-туысым жоқ. Ешкімім жоқ. 13 қаңтарда 63 жасқа толамын.
Өкінішке орай, бас қалада осылай панасыз қалғандар жыл өткен сайын көбейіп барады. Оған орталықта тіркелген мына санайғақ дәлел. 3 жыл бұрын көше кезіп кеткендер саны мыңға жетпеген. Кейін 200-ге көбейді. Ал былтыр бұл азаматтардың саны 1200-ден асып кетті.
Сәуле Әбсадықова, "Демеу" әлеуметке қосу орталығының бөлім басшысы:
- Бір адам былтыр дені сау, аяқ-қолы бүтін болып келген жағдай болды. Келгісі келмейтін кездер болады. Өйткені ең басты себебі ішімдіктің кесірі ғой. Ол далада 4-5 айлап жуынбай ішімдікке салынып, бір жерде жатуы мүмкін. Сол кісілер өте ауыр жағдайда түседі бізге. Оның жағымсыз иісі болады немесе денесінде педикулез болуы мүмкін Бір аптада ол адам қалпына келтіріледі.
Орталықта күнелтіп жүргендердің жүрек түбінде бір қорқынышы бар. Арқа сүйер ағайыны болмаған соң ақтық сапарға кім аттандырады деп алаңдайды. Осындай туған-тумасы жоқ жандарды жерлеу рәсімі жергілікті билікке жүктелген. Ол үшін мемлекеттік сатып алу да ойнатылады. Жеңгені бір жыл бойы зираттарды күтіп-ұстауға және жақыны жоқтарды жер қойнына тапсыруға міндетті. Бұл туралы сайтта ашық көрсетілген.
Мәселен, бұл қызмет үшін Қостанай облысының әкімдігі 3 220 000 теңге...Павлодар бюджеттен 5 млн, ал Екібастұз 12 500 000 мың теңге қаражат бөлген. Астана қаласының әкімдігі болса тек бір адамды жерлеу құнын айта алды.
Бақытжан Жолмұқан, Астана қаласы әкімдігі инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы:
- Бір адамға қысқы мерзімде 51 мың теңге. Жазғы мерзімде 39 мың теңге. Ол бектілген тарифке сәйкес. Әрбір ауданда өз бағдарламалары бар. Өз қаражаты бар.
Мемлекеттік сатып алу бойынша елордада соңғы 5 жылда ешкімі жоқ 388 адам жерленіпті. Мәйітке берілетін жер көлемі өзгелермен бірдей. Тек елең еткізген тұс - марқұмның мұсылман не христиан болғандығы ескерілмейді. Тіпті кейбірін қай дін өкілі болғаны былай тұрсын, тегі белгісіз болып келеді. Анықталса да, діни-жоралғылар жасалмайды.
Ерболат Смағұлов, жерлеу рәсімін ұйымдастыру компаниясы директорының орынбасары:
- Дінге байланысты емес. Мұсылман болсын, христиан болсын ақ матаға ораймыз да табытқа саламыз. Сосын бәрін жерлейміз бірдей. Одан соң ай сайын әкімдікке мәлімет беріп отырамыз. Осынша адам сіздердің тізім бойынша жерленді, осынша деп.
Ал дініміз тапсырысты орындаған компанияның да, тапсырыс берген әкімдіктің әрекетін де құптамайды. Себебі мәйіттерді ақтық сапарға аттанар алдында жуындырмайды. Тіпті мұсылман екені анықталған күннің өзінде жаназасы да оқылмайтыны белгілі болды.
Темірбек Дәулетбекұлы, республикалық бас мешіттің ұстазы:
- Шариғатта табытқа салған дұрыс емес. Шариғатымызда жуындырып, арулауымыз керек. Аруланған күйінде жаназасы оқылғаннан кейін жер қойнауына берілуі керек. Мәйітке жеңілдік болу үшін, ол жерге сіңіп кету керек. Ал егер табытқа салынатын болса, ол көлкіп тұрады. Шариғатымыз бұны құптамайды.
Шерхан Абзалұлы