Семейде әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды
Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды.
Себебі бірнеше күн бұрын орталық алаңдағы шыршаны құру кезінде 4-5 метр биіктіктен мұғалім құлап жарақат алған еді. Ұстаз екі күн жансақтау бөлімінде жатып бүгін палатаға ауыстырылды. Әріптестерінің айтуынша бөлім басшылығы әр мектептен үш ер мұғалім бару керек деген талап қойған. Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандар жауапкершілікке тартылды.
Сымбат Аянқызы күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырылғалы бірнеше күн болған. Айтуынша сенбі күні мектеп басшылығы күйеуіне хабарласып шырша құруға баруы керектігін айтқан. Педагогтерді заңсыз жұмысқа тартқанымен қоймай, жауаптылар қауіпсіздік шараларын да сақтамаған. Ұстаз 4-5 метр биіктікке ешқандай техниканың көмегінсіз өрмелеп шыққан көрінеді.
Сымбат Аянқызы, қала тұрғыны:
- Ол мектептің елкасы емес. Акимтовский елка оған 30 млндай теңге бөлінген. Ал оған апарады да бейшара мұғалімдерді тығады. Бұл адамның тағдырымен ойнау ғой. Мен білмеймін қазір оның состояниясы қалай болатынын. Өте ауыр жағдай, мен білмеймін не болатынын. Мен өзім де педагогпын. Акимат білім бөліміне олар директорға приказ берген.
Қуат Айтқалиев №49 мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Биіктіктен құлаған соң бас сүйегіне зақым келген. Ақ халаттылар науқасқа бірден ота жасапты. Қазір жағдайы қалыпты.
Төлеген Тоқмолдинов, нейрохирург:
- Қазір денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Науқас реабилитациялық емін қазір қабылдауда. Науқас біздің болжам бойынша 10-күні стационардан шығарылады. Қазір неврологиялық симптоматикаларының азайғаны байқалады. Шофтарын шешкеннен кейін оныншы күні шығарамыз.
Заңсыз жұмысқа үш мектептен 9 ұстаз тартылған көрінеді. Білім басқармасының басшысы жағдайдан бейхабармыз,-деді. Айтуынша білім бөлімінің басшысы өз бетінше әрекет етіп ұстаздарды шырша құруға шақырған. Сол үшін бүгін қызметінен босатылды.
Нұржан Ахметқалиев, Абай облыстық білім басқармасының басшысы:
- Бұл жағдайдың орын алуының негізгі себебі қала әкімдігінің өтініші түскен білім бөлімінің басшысына. Білім бөлімінің басшысы білім басқармасына ескертпей өз бетінше шешім қабылдап, аталған жағдай орын алып отыр. Білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Соған жол берген мектеп директорларына тәртіптік шара қолданылады.
Қалалық әкімдіктегілер шыршаны сатып алып, жеткізуге 25 млн теңге бөлінгенін айтты. Алайда оны орнатуға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан қала басшылығы білім бөлімінен көмек сұрапты. Бірақ ұстаздар биіктікке көтерілмей, тек ойыншықтарды әперіп тұруы керек болған, дейді.
Нұржан Есенжолов, қалалық әкімдіктің аппарат басшысы:
- Олардың жұмыстары қосымша жаңағы биікте жұмыс істеу міндеттелмеді. Тек қана ойыншықтарды әперіп тұру деген жұмыс қана. Ал высоткада тек қана тиісті мердігер компания жасады. Толыққанды бақылауда ұсталынып отыр. Жағдайы жақсы, палатаға ауыстырылды. Толық емдеу қамтамасыз етіледі.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қазір кінәлілер түгелдей жауапкершілікке тартылды. Облыс басшылығы осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс жүргіземіз деп сендірді. Өйткені ұстаз – мектептің жүрегі. Ал мұғалімді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы