Елде 254 мектептің құрылысы аяқталды
Елде 375 мың оқушыға шақталған 254 мектептің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 23 нысан білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынған.
Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ инвестиция тарту есебінен – 126 мектеп бой көтерді. Бұл үш ауысымға қатысты проблемаларды айтарлықтай азайтты. Қазір 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда сабақ береді. 254 орта оқу орны күрделі жөндеуден өтті, 967 мектеп үшін 1621 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Ауылдарда 1 мың мектеп жаңғыртылды. 10 мыңнан астам білім беру ұйымдарының техникалық қауіпсіздік жүйелері жарақтандырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беруді цифрландыру үдерісін жеделдету бойынша кешенді іс атқарылды. Интернет жылдамдығы мектептерде 19%-дан 90%-на дейін ұлғайды. Бұл ретте мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа ауысты және 11 платформада қолжетімді. Астана, Маңғыстау, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының 215 мектебінде тиісті санаттағы балаларды тегін тамақтандыруға арналған «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске асып келеді.