Кәсіптік оқыту жүйесіндегі жетістіктер: 160 стартап-жоба және 3 IT-орталық құрылды

Елде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Бұл білім ордаларында 565 мың студент оқиды, оның 177 мыңы биыл қабылданды.

Қосарлы оқыту жүйесімен 94 мың студент қамтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 143 мың орынға ұлғайды, бұл былтырғыдан 10 мыңға артық. Техникалық және кәсіптік білім бойынша студенттердің 90 пайызы тегін оқиды. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерияны қоса алғанда, техникалық мамандықтарды қамтиды. Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші 79 пайыз. Колледждерде кадрлар даярлау өңірлік экономиканы ескере отырып жүзеге асады.

Бүгінгі таңда 195 колледжді бейіндеу және үлкейту жұмыстары басталды. Колледждерде 160 стартап-жоба іске қосылды, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Локомотив-колледждер айқындалып, 3 IT-орталық құрылды. Колледж студенттерінің стипендиясы екі есеге ұлғайды. Бұл стипендиямен 300 мыңнан астам студент қамтылды. Жатақханаға мұқтаж студенттердің 87%-дан астамы орналасты. Биыл 1,2 мың орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді.