Алматы облысында робототехникадан өңірлік жарыс өтіп жатыр

Алматы облысында робототехникадан өңірлік Daryn FIRST Championship жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оған Жетісу, Алматы облыстарынан және Алматы қаласынан 1200 оқушы қатысып, жобаларын таныстырды. Үздік жұмыстар, республикалық кезеңге жолдама алады. Ұлттық деңгейде топ жарғандар Орталық Азия чемпионатында бақ сынайды. Ал одан жеңімпаз атанса, АҚШ-та өтетін бүкіләлемдік чемпионатқа қатысады.

Daryn FIRST Championship жарысына 4-тен 18 жас аралығындағы балалар мен мектеп оқушылары қатыса алады. Жас ерекшелігіне қарай 4 санатқа бөлінген. Кішкентайлар үшін қарапайым модель жасау жеткілікті. Ал, үлкендер жағы жоғары технологиялық роботтар құрып, күрделі инженерлік тапсырмаларды орындауы шарт. Биылғы тақырып суасты әлеміне арналған.

Асылбек Мырзахметов, қоғамдық қор басшысы:

- Бастауышта кішкене бағдарламалау болады. Технология қосылады. Орта сыныпта жоба шынымен зерттеу жасап, автономды жасанды интеллектпен жүретін роботтар жасайды. Ал, үлкен санаттағы балалар олар шынымен өндірістік производствоға шығады. Өздерінің роботтарын темірден 3D принтер сияқты үлкен станоктарда жасайды.

Алматылық Дәулет Досанның жасы 10-да. Командасында өзі қатарлас тағы 3 ұл-қыз бар. Олар су астындағы тіршіліктің жойылып бара жатқандығына алаңдайды. «Қоқыс қалдықтары мен ауыр металл ондағы өсімдіктер мен балықтарға кері әсер етіп жатыр», - дейді. Осыған орай су астына түсетін робот жасап шыққан.

Дәулет Досан, 4-сынып оқушысы:

- Робот су астына түсіп ауыр металл шлактарды табады. Ол үшін оның қолына металлоискатель датчигін орнаттық. Ол сол металлоискатель датчик арқылы металлугиялық шлактарды тапқанда сигнал береді де, пылесос арқылы оны сорып алады. Және ол шлактар ауа мен жаңбырмен де көтерілетінін ұмытпайық. Сол үшін біздің дронымыз қай жақта ластанған су бар, сол жаққа адамдарды жақындатпай сол жақты тазартуға бел буамыз.

Ал, Бақтияр Жұмағали суға батып кеткен ауыр жүкті сыртқа оңай шығарғысы келеді. Жас өнертапқыштың айтуынша, бұл түйткіл мәселе. Себебі, құлаған контейнер су астында жылдап жатады. Одан суға зиянды қалдықтар бөлініп, қоршаған ортаны ластайды.

Бақтияр Жұмағали, 9-сынып оқушысы:

- Біздің зерттеуіміз бойынша теңіздерде, мұхаттарда жүк тасымалдайтын кемелерде суға және контейнерлер құлап түседі. біздің роботымыз оларды көтеруге көмектеседі.

FIRST Tech Challenge жарысы 1989 жылдан бері әлемнің әр жерінде өтіп келеді. Биыл жас инженерлер мен бағдарламашылар АҚШ-тың Хьюстон қаласына жиналады. Оған Орталық Азия бойынша робототехника чемпионатында жеңімпаз атанған 120 оқушы барады.

Асылбек Мырзахметов, қоғамдық қор басшысы:

- Хьюстондегі жарысқа 50 мыңнан астам бала жиналады және бұл жарыстың ерекшелігі бұл жарысқа әлемнің ең мықты деген университеттері келеді. 200-ден астам әлемдік университет бар, олар жыл сайын 80 млн-нан стипендия, гранттар береді. Ол жарыстың жеңімпаздары Хьюстондегі жарыста жеңсе оларға гарант мықты бір университетке түседі.

Айта кетейік, Daryn FIRST Championship елімізде 2020 жылдан бері өтіп келеді. Содан бері 300-ден астам жас шетелдік және қазақстандық жетекші техникалық жоғары орындарының грантын иемденген.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов