Жұмысшы мамандықтары жылы қандай шаралар ұйымдастырылады?

Елімізде еңбек адамдары үшін жаңа мемлекеттік наградалар пайда болды.

Талай жыл маңдай терін төгіп, жұмысын адал атқарып жүрген азаматтар енді «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталмақ. Қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, ынталандыру үшін Үкімет  Жұмысшы мамандықтар жылында қолға алынатын іс-шаралар жоспарын бекітті. Әріптесім Қуандық Танабас осы Үкімет отырысынан сюжет дайындап,  Жұмысшы мамандықтар жылында қандай шаралар іске асатынын біліп көрген еді.

- Әуелі мына сұрақтан бастасақ. Жалпы, елімізде жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етіп жатқан адамдардың саны қанша? Қандай да бір статистика бар ма ол туралы?

- Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Тағы бір қызықты статистикаға тоқталайын, ол бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамында, яғни 52%-да кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Демек, бұл дегеніңіз, жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі, фундаменті болып қала береді.

- Иә, елде жұмысшы мамандарға деген сұраныс арта беретін сияқты ғой? 5-6 жылдан кейін 1,6 млн жұмысшыға қажеттілік туындайды деген ақпарат бар. Осы рас па?

-  Иә, бұл жалаң ақпарат емес. Мәселен, өткен 2024 жылдың өзінде түрлі өндіріс орындарында қазақстандықтарға 270 мың бос жұмыс орны ұсынылған екен. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың  мәліметінше, алдағы 6 жылда кадрларға сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланып отыр. Қазірдің өзінде елімізде құрылыс және өнеркәсіп саласында 40 мыңға жуық маман жеткіліксіз. Мысалы мына кестеге назар аударайық. Құрылыс және сумен жабдықтау салалары 17 мың маман, Металлургия және тау-кен өндірісі - 4,6 мың маман, Өңдеу өнеркәсібі – 6,8 мың маман қазіргі кезде жетіспейді.

- Енді кадрлар тапшылығын болдырмау үшін, жалпы, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін биылғы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды ғой. Бүгінгі Үкімет отырысында нақты шаралар тізімі бекітілді, жаңа мемлекеттік наградалар да енгізіп отыр екен.

- Иә, бұл жаңалық көпшілікке қызықты болды деп ойлаймын. Бұл жыл қалай өтеді, жұмысшы мамандарға қандай жағдайлар жасалады, оларды қандай да бір қолдау шаралары бола ма деген сауалдар көпшілікті мазалағаны рас. Жалпы, Үкіметтің  2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының өзі 7 бағыт пен 70 қадамнан тұрады. Демек, барлық салалар қамтылған. Ал сіз айтқан мемлекеттік наградалар тізімі келесідей. 

ГРАФИКА 2

Атап айтқанда, бұл «ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ГЕОЛОГ», «ЕҢБЕК СІҢІРГЕН КЕНШІ», «ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚҰРЫЛЫСШЫ» ЖӘНЕ «ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕРКӘСІП ҚАЙРАТКЕРІ».

Толығырақ сюжетке назар аударайық.

ГРАФИКА 1

Жұмысшы мамандар тапшылығы

Құрылыс және сумен жабдықтау салалары - 17 мың маман

Металлургия және тау-кен өндірісі - 4,6 мың маман

Өңдеу өнеркәсібі – 6,8 мың маман

ГРАФИКА 2

Мемлекеттік наградалар

Үкімет жұмысшы мамандықтар жылының іс-шаралар жоспарын бекітті

Жұмыстағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі – кәсіпорындар мен өндіріс орындарында орын алатыны жасырын емес. Сондықтан биылғы жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамының құқын қорғауға, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдаяттардың алдын алуға басымдық беріледі. Ал еңбек қауіпсіздігін бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілмек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше елдегі кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалады. Электронды құжатта кәсіпорындағы тәуекелдер, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сияқты басқа да 60-тан аса маңызды көрсеткіш қамтылады. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалауды енгізу, сондай-ақ оқытуға және білімді тексеруге қойылатын талаптарды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту. 

Өкінішке қарай, жастардың көбі кеңседегі жұмысты таңдайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын туындатуы мүмкін. Мәселен, қазірдің өзінде энергетика, құрылыс, машина жасау салаларында маман жетіспей жатыр. Ал 2030 жылға қарай елдегі жұмысшы кадрлардың қажеттілігі 1,6 млн адамнан асуы мүмкін. Сондықтан, Үкімет  жұмысшы мамандарды даярлап, тартымдылығын арттыру үшін 7 бағыт пен 70 қадамнан тұратын құжатты қабылдады. Бір ғана мысал: техникалық салада білім алатын студенті даярлауға бұған дейін 437 мың теңге бөлінсе, қазір оның сомасы 912 мың теңгені құрап отыр. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет тарапынан колледждерде оқытуды қаржыландыру екі есе ұлғайтылды. Халықаралық талаптарға сай білім беру бағдарламалары енгізілді. Бизнес, жұмыс берушілер тарапынан да тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңадан ынталандыру шараларын енгізу керек. 

Білімді мамандарды даярлау үшін сапалы да заманауи оқу орындары керек. Алайда, елдегі 200-ден астам колледж әлі күнге шейін ескірген құрал-жабдықтарды пайдаланып келеді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балаларды мектеп жасынан бастап кәсіпке бейімдеудің маңыздылығына тоқталды. Биылдың өзінде кәсіпорындар колледждермен бірлесіп 1000 мектепте бейіндік сыныптар ашады. 

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Бұл білім ұйымдары оқу процесінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықты пайдаланады. Тиісінше жекелеген жағдайларда жұмысшы мамандар даярлаудың сапасының төмендеуі және түлектер алып шығатын дағдылардың заманауи өндірістік талаптарға сәйкес келмеуі орын алуда.

Еңбек адамы қашанда сый-құрметке лайықты. Былтыр Президент Жарлығымен 4 ведомстволық марапат мемлекеттік мәртебеге ие болды. Демек, әр салада тер төгіп жүрген жандардың еңбегі елеусіз қалмайды деген сөз. 

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Сонымен қатар желтоқсан айында Президент Жарлығымен 4 ведомстволық марапат мемлекеттік мәртебеге ие болды. Атап айтқанда, бұл «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші», «Еңбек сіңірген құрылысшы» және «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері».

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Орталық студенттердің кәсіби білім-біліктілігін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, биыл Түркітілдес елдердің арасында жұмысшы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған алғашқы Түркскилз (Turkісkills) чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Байқау Түрксой ұйымының 2025 жылғы мәдени астанасы Ақтау қаласында өтеді. 

- Биыл толымды істер атқарылады деп сенеміз. Әсіресе техникалық білім беру саласын ауқымды өзгеріс күтетін сияқты ғой?

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы - 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаятын болады. Тағы бір қайталап өтейін, 1 студентті даярлау үшін бұрын 437 мың теңге бөлініп келсе,  енді ол екі есеге ұлғайтылып,  912 мың теңгені құрайды. Бұл да игілікті істердің бірі.