Қарағанды облысының кәсіптік оқу орындарында грант саны ұлғайтылды
Қарағанды облысында жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты қосымша 17 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады.
Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты. Осыған орай өңірдегі кәсіптік оқу орындарында гранттар саны ұлғайтылды. Бүгінде аймақта 52 колледж 128 мамандық бойынша кадрлар даярлайды, өткен жылдан бастап оқу орындарын сегіз жетекші бағыт бойынша кластерлеу іске қосылды. Әрқайсысы бойынша тірек колледждер бекітілді, олардың негізінде 2 заманауи құзіреттілік орталығы мен 10 шеберхана ашылады. Колледжер өңірдегі 300 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастықта жұмыс жүргізуде. Олар түлектердің барынша жұмыспен қамтылуына кепілдік бере отырып, қажетті мамандарды даярлауға тікелей қатысады.
Әсел Сапарова, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры:
- Еңбек нарығына сәйкес мамандарды даярлау біздің басты мақсатымыз. Дуалды жүйе бойынша ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасау арқылы сол кәсіпорынға керек мамандарды даярлаймыз және оқу бағдарламаларымызды жаңарту үстіндеміз.
Александр Уставщиков, шина зауытының директоры:
- Бізге білікті кадрлар, жоғары білікті операторлар өте қажет. Сондықтан біз Үкіметтің 2025 жылы және одан кейінгі жылдары да жұмысшы мамандықтарын даярлауға көбірек көңіл бөлуіне мүдделіміз. Себебі қазір сатып алынатын жабдық автоматтандырылған. Нақты білікті кадрлар қажет.