Биыл 16 мамандық жойылады

Биыл еңбек нарығынан 16 мамандық жойылады. «Әсіресе агро, құрылыс, тау-кен секторындағы кейбір мамандықтарға сұраныс төмендейді», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары. Сондай-ақ алдағы жылдары Қазақстанда қай кадрларға сұраныс артатыны белгілі болды. 

Елде 298 мың жан жұмыссыз жүр. Алда бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін. Себебі нарықтан бірнеше мамандық жойылады. Министрліктің мәліметінше, биыл сұрыптаушылар, ораушылар, шатыр жабушылар мен сылақшыларға сұраныс төмендеп, түбі кәсіп түрі жоғалады. Оған адам күшін ақылды роботтардың алмастыруы себеп.

Болжам бойынша құрылыс қызметкерлеріне, монтаждаушыларға, бульдозер машинистері және сепараторлар сияқты мамандықтар маңыздылығын жоғалтады. Осының өзінде бұл бағыттарда білім алуға ынталы жастардың қатары сиреген.

Ләззат Разбекова, Астана қалалық технологиялық колледжінің директоры:

- Бұл мамандықтарға сұраныс күннен күнге азайып бара жатыр. Ол да заңдылық. Өткені бүгін технологияның дамыған заманы, жасанды интеллекттің заманы. Көптеген жағдайларда мұндай жұмыстарды роботттар алмастырып жатыр. Бізге мұндай мамандарды сырттан ешкім дайындап бермейді. Ол төбеден түсе салмайды. Сол сылақшыларды, сол мамандарды, сұранысқа ие болмай жатқан мамандарды икемдеп, заман талабына сай мамандықтарға икемдеп, үйретіп жатырмыз.

 

Қандай мамандықтарға сұраныс артты?

Ал өзге де техникалық мамандықтарға сұраныс артқан. Мәселен, биылғы мектеп бітірушілердің дені жараталыстану бағытында білім алуға ниетті. Бұл жайлы министр мәлімдеді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Соңғы үш жылда 60%-тен астамы тапсырған талапкерлердің пәндік комбинациялары инженерлік, техникалық, педагогикалық ақпараттық, жаратылыстану мамандықтарына тапсырған. Қазіргі бірінші легіміз қаңтардағы  17% – физика-математика, 17% – химия-биология, 10% – информатика пәндері. Яғни 45% – инженерлік-технологиялық, ақпараттық технологиялық мамандықтары. 

Қазақстанда кадр қат. Иә, кей мамандықтар маңызын жоғалтқанымен, маман тапшылығы әлі де өзекті. Мәселен, нарыққа 93 мың есепші, 77 мың күзетші мен инкассатор, сонлай-ақ 33 мың медицина қызметкері қажет.

Сол секілді 32 мың тәрбиеші, 31 мың жаратылыстану ғалымдарының мұғалімі, 30 мың кеңсе қызметкері қажет. Бастауыш сынып ұстаздарына, сатушыларға сұраныс жоғары.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мерей Талап.