Атыраудағы мұнай-газ университетінде Қытай институтының филиалы ашылды

Атыраудағы мұнай және газ университетінде қытайлық Цзинши институтының филиалы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Екіжақты ынтымақтастық арқасында енді атыраулық студенттер халықаралық білім бағдарламасын оқып, жетекші университеттің профессорларынан дәріс алады.

Нұрай Қабдоллаева қазір Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 2-курс студенті. Кен орындарын бұрғылау және жөндеу мамандығында оқитын Нұрай енді қытайлық білім бағдарламасын тегін меңгеруге мүмкіндік алды. Үлгерімі жақсы болса, Қытайдағы жазғы мектепке барады.

Нұрай Қабдоллаева, студент:

- Осы жоба арқылы әлемнің жетекші оқу орнының білім бағдарламасымен оқып, тәжірибе шыңдаймыз деп сенеміз. Бұл бағдарламаға қатысу үшін оқу үлгерімі, яғни, GPA 3-тен кем болмауы қажет. Ағылшын тілін жоғары деңгейде білу керек. Бұл жобадан күтеріміз көп. Болашақта біз Қытай еліндегі Қарамай колледжіне жазғы мектепке баратын боламыз.

«Цзинши институты» жобасына әзірге 25 студент қабылданған. Алдағы уақытта олардың қатары көбейеді. Сондай-ақ қытайлық профессорлар келіп, студенттерге дәріс оқиды. Бұл шетелдік оқу орындарымен жасалып отырған алғашқы жоба емес. Бұған дейін оқу ордасында Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылып, бүгінде лицензиясын алды.

Алмагүл Тұрдағалиева, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекшісі:

- Қыркүйек айында Қытай ғылым академиясымен бірігіп, халықаралық үлкен форум өткіздік. Ол форум Каспий маңы көлдерінің экологиялық мәселелері тақырыбында өтті. Жалпы негізгі мақсаттарымыз – бұл колледждермен бірігіп, қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру, лабораториялар ашу және инновациялық орталықтар ашу.

Мұнай және университеті жылына 1000-нан аса маман даярлайды. Ал олардың сұранысқа сай болуы үшін қосымша ағылшын тілі де оқытылады.

Алмагүл Тұрдағалиева, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекшісі:

- Атырау облысы мұнайлы өлке болғандықтан, шетелдік компаниялар жұмыс жасайды. Сондықтан біздің студенттеріміздің ағылшын тілі деңгейін де жақсарту үшін біздер фаундейшн бағдарламасы бойынша ағылшын тілі курстарын да ұйымдастырамыз. Одан басқа да қонақтық дәрістер бергіземіз. Компания мамандары келіп студенттерге дәріс өткізеді.

Университет бүгінде мұнай-газ саласына қажетті 20-дан аса мамандық бойынша оқытады. Мұндай жобалар заманауи технологиялар мен білім беру тәжірибелерін біріктіріп, болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин