CҚО-да жұмысшы мамандықтарына қосымша 105 грант бөлінді

Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшы мамандықтарына қосымша 105 грант бөлінді. Мұндай шешім жергілікті еңбек нарығындағы сұранысты зерттеу кезінде қабылданды. Қазір механизатор, инженер, токарь, құрылысшы және дәнекерлеушілер тапшы. Колледждерде кадр даярлау ісі қалай жүріп жатыр? 

Владислав Малышкин колледжде екінші курста оқиды. Құрылысшы мамандығын таңдап, кірпіш қалаудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Болашақта зәулім ғимараттарды салуға ниетті.

Владислав Малышкин, колледж студенті:

- Бала кезімнен құрылысшы болғым келді. Сондықтан осы колледжге оқуға түстім. Оқу орнындағы оқытушылар мен шеберлер өте білікті. Бар білгенін айтып, бағыт-бағдар береді. Үйренгенім көп. Бірақ үйренерім де аз емес.

Ал Петропавлдағы мына колледжде 9 мамандық пен 13 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. 350-ге жуық студент дуалды білім беру жүйесі арқылы оқып жұмыс істейді. «Соңғы жылдары оларға сұраныс артып келеді», – дейді мамандар.

Еркін Жақыпов, колледж директоры:

- Бұрынғы уақытта осы ауыл шаруашылығы мамандары деген сияқтыға шамалы келетін. Қазіргі заманда былай келулері көп. Конкурс көбейіп бара жатыр. Мынау автокөлік жөндеу деген мамандықтар, конкурстар көбейіп бара жатыр. Сосын мынау тағы да осы автоэлектрик көбейіп бара жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшы мамандарын даярлайтын 13 колледж бар. Онда 4 мыңға жуық студент оқиды. Дуалды білім беру жүйесі бойынша кәсіпорындармен мыңға тарта келісімшарт жасалған. Себебі зауыт-фабрикаларға білікті кадрлар қашанда қажет.

Алмас Нұрмағамбетов, зауыттың бас директоры:

- Әсіресе инженер, токарь, дәнекерлеушілер тапшы. Кәсіпорында кадларды даярлау ісі де жолға алынған. Қазір ірі келісімшарттарға қол қойдық. Сондықтан жұмысшыларды қуана қарсы аламыз.

Облыста «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай былтыр 1637 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған. Ал биыл қосымша 105 грант бөлініп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.