Жылқыда қанша түс бар?

Қазақ малын түстеп таниды. Суатқа құлағанда өзекте су қалдырмайтын мыңғырған жылқы баққан жұрт оның санына қарап түгендемейді. Қай үйір екенін түстеп барып таниды.

Жылқы малын қылаң, баран деп екіге бөлсе, одан әрі жирен, күрең, торы, боз деп жалғаса береді. Ал енді бұл түстің қанша түрі бар? Бізге қаншасы жетті?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Елдегі Қамбар ата тұқымы қазір 4 миллионнан асты. Әлемдік TopWorld Statistics рейтингінде алтыншы орынға жайғасқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша жылқы саны ең көп өңір – Түркістан облысы. Одан кейін Абай, сосын Қарағанды өңірі. Бірақ елде Қамбар ата тұқымы көбейгенімен, оның түр-түсіне мән беріп жатқан жан жоқ. Әйгілі этнограф Жағда Бабалықұлы жылқы түсіне қатысты 250-ге жуық өңді атаған. Ал кейбір жылқытанушылар оны 3 түрге бөледі.

Қайрат Исхан, жылқытанушы ғалым:

- Мәселен қылаң түске ақ, боз, көк, бурыл, теңбіл, сары, құла шабдар, сұр, қызғылт түстер жатады. Ал баран түске торы, жирен, қоңыр, күрең түстер жатады. Ал ала түстерге келетін болсақ, олар – сары ала, торы ала, қара ала, күрең ала, жирен ала деп бөлінеді.

Кей деректерде ертеде тек шұбар немесе боз жылқы ғана ұстағандар болған. Бұл салтты қазірде жалғап жүргендер бар. Бірақ тым сирек.

Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:

- Мөде хан әскер шығарған кезде оң қанаттан бір түмен ақ атты, сол қанаттан бір түмен қара атты, алғы шепке бір түмен құла атты, тылға бір түмен жирен атты қойған. Бір түмен деген он мың әскер, демек, Мөденің тұсында үлкен жылқытану институты жұмыс істеді деген сөз. Селекциялық жұмыспен айналысатын.

Елде Қамбар ата түлігін зерттегендер 3 мың бас жылқының ішінен 61 түсті анықтаған. Оның ең көп тарағаны – торы, 23%. Одан кейін жирен 13%, қызыл көк 12%, боз 7%, қара 6% және күрең 4% болып шыққан. Сонымен қатар құла және басқа түстердің үлесі 2 мен 0,04% аралығында. Жалпы жылқы тұқымы құлын кезінде басқа түсті, өсе келе мүлде басқа түсті болуы мүмкін. Мысалға төбелден қасқа, қасқадан боз шығады.

Қайрат Исхан, жылқы зерттеуші ғалым:

- Жылқыда таза ақ түс сирек туылады. Көбінде ол алғаш туылған кезде қара немесе торы түстес болуы мүмкін. Бірақ жүннің арасында көк реңді қылшықтар кездеседі. Сондықтан ол өсе келе жасына байланысты көкшілдеп, ағара бастайды. Бозара бастайды. Мұндай жылқыны қазақтар секпіл-көк, теңбіл-көк, қызыл-көк деп атаған.

Мінсе ат, ішсе сусын болған жылқы малына қазақтың құрметі бөлек. Жылқы мінездіміз деп те айтамыз. Бірақ аумалы төкпелі замандарда мыңғырған жылқы азайып, қайта өріс алғанда оның тұқымына жат жердің қылқұйрықтылары араласа бастады. Америкалық шұбар аппалузасы, немістің ганновері, Францияның алып першероны, Түрікменнің ақалтекесі де осында жүр. Сол себепті жануардың түсі де өзгеретіні анық. 

Ержан Жаубай, Argymaq.kz сайтының бас редакторы:

- Қазақ даласында қазіргі уақытта мұғалжар жылқысы бар, көшім жылқысы бар, адай жылқысы бар, Қостанай жылқысы бар. Мұғалжар жылқысының негізгі түрі тек қана құла болуы керек. Ал көшім жылқысы негізгі түсі қоңыр торы болуы керек. Ал бүкіл Кеңес үкіметін мойындатқан Қостанай жылқысының негізгі түрі жирен. Күрең жирен. Адай жылқысының негізгі түрі енді оларда торы да бар, құла да бар. Бірақ негізгі түрі қызыл-көк.

Бастысы – қазақтың танымында әр түліктің өзіне ғана тән түс атауы бар. Бурыл жылқыға, тарғыл сиырға, бөрте ешкіге айтылады. Бұл арада тұқым қуалайтын жылқы түсі ғана. Текті жануар деп сол үшін айтады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Әлішер Әли, Сержан Айтжан, Мадияр Қындыбаев