Тірі құстар елестейді: алматылық суретшінің туындылары көпшілікті таңғалдырды
Алматылық суретші Ақтөре Қыдырәлиевті әріптестері «шығармашыл» орнитолог деп атайды. Олай дейтін жөні бар. Себебі еңбектерінің басым бөлігі құстарға арналған.
Өнерсүйер қауым қылқалам шеберінің картиналарын тек көркемдік үшін ғана емес, танымдық құрал ретінде пайдаланады.
Шымшық, сұлыкеш торғай, үйрек, қырғауыл, жапалақ. Осы құстардың барлығын Ақтөре салып шыққан. Жұмысқа кіріспес бұрын Ақтөре Қыдыралиев әр құсты мұқият зерттейді. Сырт келбеті, мінез-құлқы, тіршілік ету ортасымен түгелдей танысып шығады. Суретші қауырсындардың пішіні мен түсіне дейін дәл бейнелеуге тырысады. Сондықтан оның картиналары кейде көз алдыңа тірі құстарды елестетеді. Ол құстарды жақсы көруінің себебін бала кезінен табиғатта көп жүруімен байланыстырады.
Ақтөре Қыдырәлиев, суретші:
- Үйде қарлығаштардың ұясы болатын. Қора жақта үкінің ұясы болатын. Ар жағында төбе бар еді. Сол жерде тырнаның ұялары болатын. Күздің кезінде балапандарын көретінбіз, алақаздар ұшып келетін. Жабайы үйрек, қырғауыл, бөдене, шіл деген құстарды көріп өскенмін. Сол себепті менің миымда әбден жатталып қалған және мен үшін құстар – әдеміліктің, еркіндіктің символы.
Ақтөре сурет салуды небәрі үш жасында бастаған. Кейін оның қабілетін бастауышта сабақ берген мұғалімі байқап, шығармашылық жолды таңдауына ықпал етеді. Ол Жүргенов атындағы Өнер академиясының мектебінде, кейін колледжінде білім алады. Қазір Ақтөре Қыдыралиев шығармашылықты ұстаздықпен ұштастырып келеді. Ол өндірістік оқыту шебері ретінде студенттерге графикалық мультимедиалық дизайнды үйретеді.
Тұрсын Капаков, мүсінші:
- Ақтөре барлық суретшілер сияқты еңбекқор және де тыным таппай еңбектенеді. Суретін салып бастағаннан аяқтағанға дейін талай ойланады, толғанады. Ізденеді дегендей. Өзінің ізденісі бойынша құстарды салу өзіне ұнайды табиғат.
Ақтөре Қыдыралиевтің айтуынша, қазақ мәдениетінде әрбір құстың өзіндік символдық мәні бар. Мысалы, бүркіт – еркіндік пен батылдықтың, қарлығаш – отбасы мен мейірімділіктің, аққу – адалдық пен тазалықтың нышаны. «Ал үкіні сәттілік әкеледі», - дейді. Енді суретші жаңа картиналар сериясын қолға алып жатыр. Бұл жолы ол құс бейнесін әйел образымен үйлестіріп, тың көркемдік идеяны жүзеге асырмақ.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов