Астана маңындағы ағайын шұбат өндірісін дамытып отыр

Мал басы көбейіп келеді. Ірі қара 8 миллионнан асты, жылқы 4 жарым милонға жетеғабыл. Ойсыл-қара тұқымы 300 мыңға жетті. 

Қазір ауыл-аймақты былай қойғанда қаладағы халықтың да дастарқанынан шұбат үзілмейді. Қаласаңыз, Астананың іргесінде түйе сауып отырған ағайын баршылық. Таң бозынан сол шаруашылықтарға арнайы барып, түйе сүтін ішетіндер де көп. Әріптесім Нұрқанат Қанапия өткен жолы сондай қожалықтардың біріне ат басын бұрып, бие сауып көрген еді. Бұл жолы түйе сауынға дөп түсті. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Шұбат ішуге бәріміз құмармыз ғой. Алайда осы шұбатты дайындаудың өзі біраз еңбекті қажет етеді. Қазір Арқа жұртына, жалпы түйе деген таңсық емес. Себебі Астананың іргесінің өзінде түйе ұстап, елді шұбатпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар баршылық. Біз бүгін міне, Тайтөбедегі сондай шаруашылықтардың біреуіне келдік. Қазір мен түйе сауып көрмекшімін. Енді бойда аздап қорқыныш бар. Шешінген судан тайынбас деген. Көрейік бірге. Түйені саумас бұрын алдымен желінін жақсылап тазартып аламыз. Әбден тазалап алған соң осылай сауады екенбіз. Әрине, білмеген адамға оңай емес. Түйе сізді жатырқап, иімей кетуі мүмкін. Мені жатырқап жатыр. Шегініп, тіп қашып бара жатыр. Мына жердегі сауыншы жігіттер қазір маған ұрсуы мүмкін. Әрине, жұмысына араласып, бәрін бүлдіретін олақ адамды кім жақсы көрсін. Тіпті сүт шықпай қалды. 

Шаруашылықта оншақты түйе бар. Күніне екі мезгіл сауады. Әр түйе 3-4 литр шамасында сүт береді. «Сырттан келген інгенді сауынға үйрету қиын», - дейді мал баққан ағайын. Ал бота кезінен қолда өскен түлік тәртіпке тез көнеді. 

Шолпан Мұқашев, сауыншы:

- Жас түйе, кәрі түйе, үлкен түйеге қарамайды. Негізі әр түйенің өзінің мінезі болады. Өзіміз өсірген, шығарған боталарды сипаймыз, құшақтаймыз, олар бізді біледі. Өскеннен кейін, байтал болған соң, түйе болған соң оңай. Бізді жатырқамайды. Бізді біледі.

Кейінгі кезде шұбат ішуге құмартқан ел көп. Әсіресе таң бозынан енді сауылған сүтке кезек қалың. Жұрт арнайы тапсырыс беріп келеді.

Елде кейінгі жылдары Ойсылқара түлігі көбейіп келеді. Былтыр 6 пайыздан артық өсіп, 300 мыңнан асты. Сондай-ақ жыл санап шұбат өндірісі дамып жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтар-наурыз айларында 300 тоннаға жуық шұбат өндірілген. 

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен