Бүгін – Халықаралық нан күні: нан туралы қызықты деректер
Бүгін әлемде Халықаралық нан күні аталып өтеді. Нан – адамзат тарихындағы ең көне тағамдардың бірі. Оның тарихы мыңдаған жылды қамтиды. Ал нанды ең көп тұтынатын елдердің қатарында Түркия бар. Мерекеге орай нан туралы көпшілік біле бермейтін қызықты деректерді ұсынамыз, деп хабарлайды «24KZ».
Нан егіншіліктен бұрын пайда болған
Археологтар Иордания аумағынан шамамен 14 400 жыл бұрын дайындалған нанның қалдықтарын тапқан. Бұл адамдардың нанды егіншілік кеңінен дамымай тұрып-ақ пісіргенін көрсетеді. Ғалымдардың пайымынша, ежелгі адамдар жабайы дәнді дақылдарды жинап, ұнтақтап, одан нанға ұқсас тағам әзірлеген.
Ежелгі Мысырда нан еңбекақы ретінде берілген
Ежелгі Мысырда нан күнделікті ас қана емес, еңбекақының бір бөлігі болған. Жұмысшыларға атқарған еңбегі үшін нан мен сыра секілді азық-түлік берілген. Бұл өнімдер сол кезеңдегі тұрмыста маңызды орын алған.
Нанды көп тұтынатын елдердің бірі – Түркия
Guinness World Records дерегіне сәйкес, 2000 жылы елде жан басына шаққандағы нан тұтыну көрсеткіші жылына 199,6 келіге жеткен. Бұл мәлімет Түркияның нан тұтыну дәстүрінің қаншалықты терең екенін аңғартады.
Ғарышкерлер неге тортилья жейді?
Ал ғарышта нан жеудің өзіндік ерекшелігі бар. Салмақсыздық жағдайында кәдімгі нанның үгінділері ауада қалқып, ғарыш аппаратының жабдықтарына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан ғарышкерлер көбіне үгіндісі аз тортильяны пайдаланады. NASA мәліметінше, 1985 жылдан бері бұл өнім ғарыштағы ас мәзірінің бір бөлігіне айналған.
Француз багеті – мәдени мұра
Нан пісіру дәстүрі де көптеген халықтың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналады. Мәселен, француз багетін дайындау дәстүрі 2022 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Оған қамыр илеу, ашыту, қолмен пішіндеу, пісіру және наубайшылық шеберлікті ұрпақтан ұрпаққа жеткізу дәстүрлері кіреді.
Нан – тек дастарқанның сәні емес, адамзаттың тарихы мен мәдениетін жалғап келе жатқан құндылық. Оның дайындалу тәсілдері мен тұтыну дәстүрлері әр халықтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз