Техниканы кәдеге жарату мөлшерлемесін арттыру мәселесі қаралған жоқ – Министрлік

Елде көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына, сондай-ақ кабельдік-өткізгіш өнімдерге қатысты кәдеге жарату мөлшерлемесін арттыру мәселесі қаралған жоқ.

Экология министрлігі осылай мәлімдеді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында ведомство басшысының утильдік алымдар мөлшерлемесі артатыны жайлы айтқаны тараған еді. Алайда 31 қаңтардағы кәдеге жарату алымын қайта қарау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында қаптаманы, электронды әрі электр жабдықтарын, сонымен қатар автомобиль компоненттерін қайта өңдеу мөлшерлемесі сөз болған. Қайта өңдеушілер оператордан қалдықтарды тасымалдаушыларға қарағанда аз қаржы алатынына наразылық білдірді.

Сөйтіп, министр Серікқали Брекешев қайта өңдеуді ынталандыру мөлшерін өзгерту жөніндегі ұсыныстарды қарауға әзір екенін жеткізген. Әзірге қаптаманы кәдеге жарату төлемінің мөлшерлеме коэффициенттері төмен және қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және қайта өңдеуге арналған шығындар өтелмейді.