Наурызкөже қалай жасалады?

Наурызкөже қалай жасалады?
Inform.kz

Наурыз мерекесін наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Оны әркім әрқалай дайындайды, алайда оған жеті түрлі дәм қосылады.

Түрік халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні наурызкөжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.

Наурыз көже дайындауда сүрленген ет пен қазы, бидай, ақ және сары жүгері, қатық (немесе айран), тары, тұз және су дәм қосылады.

Алдымен етті бөлек асып аламыз, негізінен сүрленген ет болғаны абзал. Ал оның ішінде қазы болса, тіптен жақсы.

Одан соң ақ жүгеріні пісіреміз, өйткені ол еттен кейінгі ұзақ пісетін дән.

Келесі кезекте сары жүгеріні қайнатамыз, жүгеріні пісіруге 40 минут уақыт кетеді.

Және соңынан бидайды пісіріп аламыз. Мұны пісіруге жарты сағат жеткілікті.

Бұл жерде дәндердің езіліп кетпеуін ескерген жөн.

Жүгері мен бидайдың құнарлылығы жоғары, яғни адам күні бойы тоқ жүреді.

Ендігі қалғаны оған қатық қосу. Бұл жерде таңдау еркі беріледі біреулер қатық, біреулер айран, енді басқалары құртты қайнаған суға езіп қосады.

Астарыңыз дәмді болсын.