Қазақ даласында бөрісырғақ кезеңі басталды

Қазақ даласында бөрісырғақ кезеңі басталды

Ақпанның ортасы ауған осы мезгілде далада ит-құс жұптасады.

Қар қатайып, бетінде сырғақ жүргенде бөрі де аласұрып, мал-жанның мазасын қашырады. Қазақтың күн қайыруында осы бір кезеңді бөрісырғақ деп атайды.

Қазақ әр жыл мезгіліндегі күн райын түстеп, атауын келістірген. Қыс басында текебұрқылдақ, одан сары аязымен қысса, енді «Бөрісырғақ»  біраз әуреге салайын деп тұр. 

Төрехан Майбас, этнограф:

- Егерде бөрісырғақ ақпан айында емес, қаңтар айында өтетін болса олар шамаменен наурыз айында күшіктейтін болады. Сіздер білесіздер қасқыр тек қана күшігін бөлтірігін сәуір айының аяғына қарай әкеледі. Демек олардыың жұптасуы ақпан айының 17-cінен 25-іне дейін созылады. Осы кездері көзді байлаған арқаның борасыны жүреді.

Ақпанның ортасын ала басталатын бөрісырғақ кезеңінде елдің барлық аймағында бірдей  боран соқпауы да мүмкін. Өйткені батыстағы боран шығысқа бірнеше күн жүреді. О шеті мен бұ шетіне жетпеуі де ықтимал.

Ұлан Сайтмұхаев, әуесқой аңшы:

- Қардың беті нық қатып, боран соққанда жерді бауырлай соғады. Жердің астымен соғады. Боран болмауы да мүмкін. Енді ол әр өңірде әрқалай. Боран болмай аяз болып, күндіз кішкене жылы болып тұрып, кешке жақын аяз қатқанда бір еріп бір қатып тұрғанда қардың беті қатады.

Ақпанда қар қалыңдап қатып, ат бауырлап қалса, бөрі еркін жортады. Дәл осы уақта ұйыққан қасқыр еркінсіп, малға да, жанға да шабуы мүмкін.  

Төрехан  Майбас, этнограф:

- Енді білетін болсақ жұптасуға түсетін қасқырдың жалын бөрі дейді. Жұптасуға түсетін қасқырдың ұрғашысын бөрте дейді. Осы бөрі мен бөртенің жұптасуы әуекте қалған қасқырлардан жасырын өтеді. Жасырын өткендіктен боран тұрғызады. Олардың ешқайсысы көрмейтін болады. Содан бастап бөрісырғақ деген қалған. Бөрісырғақ дегеніңіз ешқандай қар тұрмайды, сырғанап кете береді. Содан барып бөрісырғақ деген қалған. 

Қазгидрометтің мәліметі бойынша 15 ақпанда шығыста, 16 ақпанда оңтүстік-шығыста қар аралас жаңбыр жауып, арты көктайғақ болады. Бұрқасын соғады. Жалпы алдағы он күнінде аязымен қысады. .

Ақмарал Смағұлова, Қазгидромет РМК-нің инженер синоптигі:

- Арктикалық антициклон Қазақстан аумағына солтүстік-батыстан жылжиды және республиканың көп бөлігін біртіндеп қамтиды, ол аязды ауа-райын әкеледі. 15 ақпанда шығыста, 16 ақпанда еліміздің оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуімен жауын-шашын, кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ пен бұрқасын болжанады.

Бөрісырғақты кей өңірде «қасқыр жұп немесе «ыңқыма» деп те айтады. Тек таулы алқапта алай-түлей ақ боран соқса, жазықта тек сырма жүруі де ықтимал. Сол себепті бөрісырғақ бір бүйірге кеш, біріне сәл ерте келіп жатса таң қалудың қажеті жоқ. 

Зарина Кәп