Ауа райына байланысты 28 жол учаскесі жабылды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық жолдардың 28 учаскесінде қозғалыс шектелді.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің мәліметінше, қазір жолдарды қардан тазартуға 700-ге жуық техника мен 1500-ден астам жұмысшы тартылған. Олар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қарлы боран мен үскірік аязға байланысты бүгін тасжолдардың 100 учаскесі жабылған еді. Кей өңірлердегі боран мен қар көшкінінің қаупіне байланысты 28 учаскеде шектеу шаралары әлі сақталады. Алдағы күндері бірқатар өңірде -35-40 градусқа дейін қатты аяз түседі. Осы себепті вице-министр арнайы тұрғындарды қызметтерден келетін хабарламаларға назар аударып, мұқият болуға шақырды.

Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Синоптиктердің болжамы бойынша жақын күндері температураның төмендеуі күтілуде. Республикалық маңызы бар жолдарда енгізілген шектеулер сақталатын болады. Қойылған шектеулерге түсіністікпен қарауға сұраймыз.