Оспан батыр туралы ең көп дерек жинаған қазақ
Ойрат Өрекенев 1927 жылы дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы чекистердің бірі. Қазақстанда кеден қызметін қолымен құрған ардагер.
Кезінде «Хабар» арнасының майталмандары «Ел ағалары» деген бағдарлама жасаған. Қазақ журналистикасының білгірі, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжайдың бастамасымен көрерменге жол тартқан бұл бағдарлама ел тарихындағы ерекше жандарды түгендеді. Солардың бірі – Ойрат Өрекенев. 2005 жылы Ойрат Өрекенев өмірден өтерден бұрын таспаға түсіріп алудың сәті келген. Бағдарламаның редакторы әйгілі Бейбіт Құсанбек.
Қазақ чекисінің қызметі 1945 жылдан басталады. Тура осы тұста Шығыс Түркістан республикасы тарих сахнасына көтерілді. Атақты «Үш аймақ көтерілісі» басталды. Шыңжаң – бір емес, бірнеше империяның мүддесі түйіскен отты нүктеге айналды. Қытай ондағы оқиғаларды толық баса алмады. Ал АҚШ пен Ұлыбритания бір жағынан, Кеңес одағы екінші жағынан бұл өлкеде өзіне қолайлы билікті қолдағысы келді.
Мына тұрған Шыңжаңда, өзіміздің көршіміз. Сол өлкеде хансуларға – қытайларға қарсы көтеріліс болды. Ол кезде ондағы билік – Гоминдандардың қолында еді. Орталық қытайдан әскер келді. Үрімжідегі Америка елшісі Дуглас Маккирнан еді. Біз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-пен одақтас едік. Ал Ұлыбританиядан Пекстон деген елші отырды. Солар гоминдан үкіметіне көмектесе бастады. Сол кезде «Арнайы жасақ» ретінде бізді Шыңжаңға жіберді. Құлжада көтеріліс басталды. Біздің әскери бөлім Қорғаста болды. Мен байланыс офицері едім, деп еске алады Ойрат Өрекенев сол жылдарды.
Тарихта аты қалған Оспан батыр туралы Қазақстанда ең көп дерек жинаған осы Ойрекең еді. Оны қай мемлекет қалай қолдады, кім алдады, кімнің жаны ашыды, бәрі алақандағыдай сайрап тұр. Оспан тұрмақ, алғаш Шығыс Түркістан республикасының көсемі болған Әліхан төрені (Әліхан төре Шәкірқожаұлы) де көрді. Оны билікке әкелуге атсалысты. Кейін басқалар төрені ығыстырып тастағанда, Ташкентке паналатқандардың арасында чекист Өрекенев те жүрді. Осы Шығыс Түркістандағы тайталасқа қатысқан кеңестік әскери және астыртын қызметкерлер кейін соғыс ардагерлері қатарына теңестірілді.
Алтайда Оспан батыр деген қазақ болған. Ол әуелі Гоминданға қарсы болды. Содан кейін американдықтар оны өз жұмысына тартып, Дуглас Маккирнан бізге қарсы жіберді. Әрине, әсіресе мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің тексерілген, сынақтан өткен арнайы жасағы жіберілді. Соның қатарында мен де Қорғаста шекарадан өтіп, Құлжаның арғы жағына бардық. Нылқы деген жер бар, сол жерде орталық Қытайдан келген Чан Кай Ши әскерімен, оның ішінде американдық нұсқаушылар да болды, солармен соғыстық. Нағыз қырғын соғыс болды. Кім сол соғыста болды, бәріне, өлгендеріне де, Үкімет бұйырығымен «Ұлы отан соғысына қатысушы» деген жарлық шығарылды. Оның ішінде мен де бармын, дейді Ойрат Өрекенев.