Көктем неге «қараөзек шақ» аталады?
Табиғат жаңаратын мезгіл – көктем. Көктем адам ағзасына да әсер етеді.
Денені әлсіздік жайлап, иммунитет төмендейді. Күн райының да бір жылып, бір сууы әсер етеді. Бұл жағдайда не істеу керек?
«Көктем келді дегенше, көктей берді десеңші». Қытымыр қыстың суығы қайтып, малдың аузы көкке, пенденің аузы аққа жеткен шақ бұл. Мұндайда күн райы да құбылып, адам ағзасы әлсіздік танытып жатады. Бірін ұйқы қысса, бірінде шаршау басым. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер бұл уақытын қазақ «қараөзек шақ» дейді.
Болат Бопайұлы, этнограф:
- Адамдарда да сондай витаминдік жақтан, қуаттылық жақтан, қоректену жақтан екі ай әлсірейтін кезі болады. Өйткені ыстық пен суық, ауаның алмасып жатқаны, жарық пен қараңғы теңеліп, бірі ұзарып бірі қысқарып жатқан кезде адамның бойындағы мінезіндегі денсаулығындағы зат алмасу, ауа алмасуына байланысты оттегінің жетіспеуі.
Көктемгі табиғи өзгеріс дәрумендердің жетіспеуінен болады дейді мамандар. Мұндай да ағза әлсіреп, бұған дейінгі адам бойындағы созылмалы аурулар қозып, болмаса жаңа ауру жұқтыруы мүмкін.
Қайрат Қиықбаев, аллерголог-иммунолог дәрігер:
- Қазір көктемде жазда аллергия басталады. Маусымдық аллергия деп атаймыз. Оның негізгі себебі шөптің тозаңына байланысты. Шөп тозаң лақтырады, соған иммунитеті төмен адамдар реакция бере бастайды. Көбінесе мұрынмен көз симптомдары болады.
Қараөзек шақ төрт түлікке де әсер етеді. Сүйегі жұқарып, жілік майы азаяды. Бір жағынан көбісі ішті болған соң, қан шығармайды.
Мұндайда жұрт «қозы піскен жоқ, бойдақ іскен жоқ» деп, соғымнан қалған сүрісін талғажау етеді.
Болат Бопайұлы, этнограф:
- «Көкек айы – көк ішек, мамыр айы – май ішек» дегені қыстай қорада шөппен болмаса жылы жақта жайылыммен шыққан малдардың сүйегі жұқарады. Қараөзек шақ деп отырғаны малдың да жаңағы жілігіндегі жілік майы жіңішкеріп, еті аяздап, арықтай бастайды. Көкек айында жаңа шыққан көкті жегенменен мал семіре қоймайды.
Жер ананың тоңы жібіп, табиғат жаңарған сәтте адам ағзасы да тазарады. Осы кезде барынша күтініп, денсаулыққа мән берген жөн.
Зарина Кәп, Ернар Жаксыбаев, 24.KZ