Салынып жатқан үйден пәтерді қауіпсіз түрде қалай алуға болады?

Елімізде жыл басынан бері 4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, соңғы бір айдың өзіңде 31 мыңнан астам баспана сатылған.

Әрине бой көтеріп жатқан тұрғын үй нысандары көп. Бірақ артынша құрылысы тоқтап қалып жатқандары да аз емес. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, еліміздің 8 өңірінде үлестік құрылыстың 39 нысаны аяқталмай келеді. Салынып жатқан үйден пәтерді қауіпсіз түрде қалай сатып алуға болады?

Баспаналы болам деген жандардың көбі пәтерді жаңа салынған немесе қолданыстағы үйден емес, бой көтеріп жатқан тұрғын үйден алуды жөн көреді. Иә, құрылыс аяқталған кезде оның құны 50 пайызға артатыны белгілі. Негізгі артықшылғы бағада.. Бірақ бітпеген үйге қаржы салып, сан соғып қалам ба деп жүргендер де бар. Солардың бірі елордалық Гульвира Бекешова.

Гульвира Бекешова, қала тұрғыны:

- Қорқыныш бар. Өйткені ұзаққа созылып кете ма деп, құжаттарымыз дайын болмай қалама деп, жалпы тапсырар кезде ұзақ қабылдай ма екен, кілтті уақытымен бере ме екен деген қорқыныш бар. Қазір енді застройщиктердің рейтингтерін қарастырып жүрміз.

Әрине тұрғынның қалтасындағы барын беріп, бармағын тістеп қалғысы келмейтіні анық. Мұндайда он ойланып, жүз толғанып жауапты құрылыс салушыны таңдаған жөн. Сарапшылар осылай дейді. Яғни, алдымен құрылыс салушынының сараптама қорытындысы бар жобалау-сметалық құжаттамасының барына көз жеткізу керек. Содан кейін әкімдіктің рұқсаты немесе тұрғын үй құрылысы қорының үлескерлердің ақшасын тартуға кепілдігі болу керек дейді, заңгер.

Ардақ Әбеуова, қалалық заң консультанттары палатасының мүшесі:

- Сіз үй алуға келген жағдайда мысалы сұрайсыздар: уставыныз бар ма? Жерге деген рұқсат құжаттарыңыз бар ма? Оны тексеріп көру керек. Және де екінші деңгейдегі банктерде счеттар болу керек. Соларды қарастыру керек. 

Сатып алушы мен сатушы шартында құрылыстың аяқталу мерзімі жазылады. Құрылысшылар мерзімді кешіктірмеуі үшін сатып алушы өсімпұлды алдын-ала талқылауы қажет. Сондай-ақ-құрылыс компаниясының меншігінде немесе жалға беруінде жер учаскесі болуына көз жеткізу керек. 

Азамат Тәжібаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Құрылыс салушы жайлы ең алдымен, жер қатынастары басқармасынан, қала әкімдігінен біле аласыз. Сондай-ақ "Е-өтініш" нысанынан жер учаскесі кімге тиесілі, қандай пайдалану құқығында екендігі жайлы ақпарат алу туралы ресми өтініш жаза аласыз. Сіз барлық толық ақпаратты әзірлеушіден сұрайсыз, ол оны ұсынуға міндетті. Яғни құрылыстың аяқталу мерзімі, жер кімге рәсімделгені, осы құрылысқа қандай рұқсаттар алғаны туралы ақпаратты біле аласыз.

Сарапшылар сонымен қатар жосықсыз құрылыс салушылардың тізімімен танысуға кеңес береді. Мысалы, былтыр құрылысты сапасыз жүргізген және құжаттары талапқа сай келмеген 8 компания лицензиясымен қош айтысты. Ал салынып жатқан тұрғын үйдің сапасына келер болсақ, сатып алушы кілтін алғаннан кейін өз баспанасынан белгілі бір ақауларды байқаса, жазбаша шағым жолдай алады. Оларды құрылыс компаниясы екі жыл ішінде жоюға міндетті.

Әлішер Әли, Ернар Жақсыбаев