«Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталды

Алматы қаласында жастарға арналған ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Оған қатысу үшін бүгіннен бастап 7 тамызға дейін «almaty-zhastary2024.kz» сайтына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініш білдіру керек. Шарттары: қатысушы Қазақстан азаматы; жасы 35-ке толмаған; өзінің және егер отбасылы болса, жұбайының меншігінде тұрғын үй болмауы керек. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік, құқық қорғау және өзге салаларда жұмыс істейтін азаматтар осы ипотекалық баспанадан үмітті бола алады. Қатысушының соңғы 6 айдағы жұмыс өтілі мен зейнетақы аударымдары ескеріледі. Қарыз 18 млн теңгеге дейін, 5%-тік мөлшерлемемен, 10% көлеміндегі бастапқы жарнамен беріледі. Биыл Алматы қаласында осы бағдарлама арқылы 1200 адам баспаналы болады деп жоспарланып отыр.