Қостанай облысында тамыздың алғашқы он күнінде газ болмайды
Қостанай облысында тамыз айының алғашқы онкүндігінде табиғи газ болмайды.
Бұған себеп – алпыс жылдан бері жөндеу көрмеген «Қарталы – Рудный» газ құбыры жаңартылып жатыр. Қазір апатты жағдайдағы учаскелерде газ құбырлары алынып, орнына жаңасын салу жоспарлануда. Бұл жұмыстар кезең кезеңмен 3 жыл бойы жүргізіліп келеді. Құрылыс кезінде облыс орталығындағы ірі кәсіпорындарда газ болмайды. Олардың қатарында машина жасау зауыттары, диірмендер, наубайханалар және жылу компаниясы бар. Өндіріс тоқтап қалмауы үшін кейбір нысандар электр желісін, дизель отыны және сұйытылған газды пайдалануды жоспарлап отыр.
Ельдар Ваисов, газбен қамтушы кәсіпорын директорының орынбасары:
- 1-10 тамыз аралығында «Карталы-Рудный» магистральдық газ құбырында тұтынушылардың барлығына уақытша газ берілмейді. Бұл Қостанай ауданы, Алтынсарин ауданы, Тобыл қаласы, Бейімбет Майлин және Денисов аудандары. Жөндеу аяқталған кезде газ қайта берілетін болады. Бұл барлық тұтынушыларға газды үздіксіз, апатсыз беру үшін жасалып жатыр.