Қазақ жиһанкезі Түркиядан Грузияға жаяу жетті

«Әлемді жаяу аралаймын» атты танымдық-туристік жобаның авторы Асхат Қажытай Түркия астанасы Анкарадан Грузияның Батуми қаласына дейін 1111 шақырымды жаяу жүріп шықты, деп хабарлайды 24kz.

Жиһанкезге бұл қашықтықты еңсеруге 20 күн қажет болған. Асхат шілденің шіліңгір ыстығында күніне 35-60 шақырым жол жүріп отырды. Халықаралық деңгейдегі жобаны қолға алған марафоншының мақсаты – ел, жер тану, шетелдегі қазақтармен танысу, қазақ тілін меңгерген өзге мемлекет азаматтарымен сұхбаттасу және Қазақстанға қатысты орындарда болу. Мысалы, осы сапарында жиһанкез Түркияның Самсун қаласындағы Абай ескерткішіне тағзым етті. Асхат Қажытай негізі бұл жобасын 2021 жылы Қазақстанда бастаған. Бұған дейін ол Қарағанды қаласынан Орталық Қазақстанның ең биік нүктесі – Ақсораң шыңына дейін 333 және Ұлытауға 777 шақырымды жаяу жүріп өткен. Жиһанкездің түпкі мақсаты – әлемді жаяу аралап шығу.

Асхат Қажытай, жиһанкез:

- Биыл 2024 жылы өзіме екі бағытты жоспарлағанмын. Біріншісі – Еуропа. Яғни Еуропа чемпионаты өтіп жатқан Мюнхен қаласынан Олимпиада өтейін деп жатқан Париж қаласына 1111 шақырым жүруді жоспарладым. Екінші бағытым Түркиядан- Түркістанға, яғни Анадолыдан Атажұртқа. Сол бағыттың бірінші бөлігін бастап жатырмын. Анадолы жерінен. Бауырларым қолдайды деген үміттемін.