Академик Рәбиға Сыздықованың туғанына 100 жыл толды

Академик Рәбиға Сыздықованың туғанына 100 жыл толды

Биыл қазақ тілі ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалым, ұстаз, академик Рәбиға Сыздықованың туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Осыған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада ғалымның еңбегін дәріптеу, жастарға үлгі ету мақсатында ғылыми-теориялық конференция өтті. Рәбиға Сыздықова қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, жазба ескерткіштердің тілі, стилистика, тіл мәдениеті бойынша зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер жазды.

Сонымен қатар орфографиялық сөздік, емле ережелерді құрастыруда жетекшілік етті. Ғалымның «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абайдың сөз өрнегі», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы» еңбектері ғылыми ортада әлі де маңызын жойған жоқ. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Рәбиға Сыздықова 2020 жылы 96 жасында өмірден озған болатын.

Кәрімбек Құрманалиев, ҚР ҰҒА академигі:

- Жалпы бұл кісі тіл білімі ғана емес, түркологияға еңбегі сіңген ғылым қайраткері. Мемлекет басшысы кеше ғана Жолдауында айтты ғой, адал еңбек бағалануы керек деп. Бүгінгі өткізіп отырған шара сол адал еңбектің бағасы. Әрбір адал еңбек бағаланбай қалмайтынына біз сенімді болуымыз керек. Соны біз жастарымыздың бойына сіңіруіміз керек.