Құмай тазының ендігі ассимиляциясы халықаралық федерация назарында болады

«Тазы – ежелгі қазақы ит тұқымы». Қазақстан ресми түрде тазы тұқымының иесі деп танылды, деп хабарлайды 24kz.

Халықаралық кинология федерациясы жеті қазынаның бұл түрін ресми түрде мойындап, мәртебе берді.

Еске салайық, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сонымен қатар оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын.

Соңғы 2 жылда асылтұқымды ит байқаулары мен көрмелері сан мәрте өткізілді. Биылдың өзінде ел аумағында тазыны терең зерттеп, жаһанға таныту үшін 5 монотұқымды көрме ұйымдастырылған.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:

- Астана қаласында өткен соңғы көрмеде арнайы комиссияны қабылдап, тазыларды зерттеуге мүмкіндік туғыздық. Нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отырмыз. Алда жүйелі жұмыс күтіп тұр. Оны жалғастыру үшін асылтұқымды тазы санын көбейту керек.

Төрткүл дүние көз тіккен көрмелерде көпшілікті мінсіз болмысымен таңдай қақтырған құмай тазының ендігі ассимиляциясы Халықаралық кинологиялық федерациясының назарында болады.

Тамаш Яккель, Халықаралық кинологиялық федерация президенті:

- Бүгін сіздің ел үшін де, біз үшін де тарихи күн. Федерацияның стандарттау жөніндегі және ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімдерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын! Алдағы уақытта сіздерді 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде тазының денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған күшіктерінің статистикасы жүргізіледі. Бұл деректер ғылыми комиссия үшін маңызды. Халықаралық кинологиялық федерация Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады.

Иә, асыл өнеріміз бүгінгі күні ұлықталып, тазыны әлем тани бастады. Шашаққұлақтыларды көбейтуге үлес қосып жүрген саятшының бірі – Абзал Досыман. Қазір итбегі 10-ға тарта тазысын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін көремеге шығаруға дайындап жүр.

Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:

- Тазы баптау кәсіби деңгейді талап етеді. Ол әрдайым далада болуы керек. Аңшылықта болу керек. Тазы баптау да оңай емес. Тамағы, дәрі-дәрмегі бар. Тіпті мынау халықаралық көрмелерге дайындау үшін бапкерлер жалдаймыз. Тазылар өздерін көрмеде жақсы ұстауы, толығымен ашылу үшін тренерлер жалға аламыз.

Жалпы тазының орташа өмір сүру ұзақтығы – 6 жыл. Аракідік 7-8 жыл жасайтындары болады. Ерекше баптаудың өзіндік ережелерін берік ұстанып, қазақ үшін бекзат иісшілдің тұқымын көбейту – Абзалдың жақын болашақтағы басты арманы.

Авторы: Қамбар Бекенов