Атыраулық мұғалім судан электр қуатын алатын құрылғы ойлап тапты
Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Рақымжан Қосанов «Электрлі-сутекті су ұяшығы» жобасын таныстырды, деп хабарлайды 24kz.
Оның жүзеге асуына оқушылардың сұрағы түрткі болыпты. Жеткіншектердің бензиннің орнына қолданылатын сутек газын немен алмастыруға болады деген сауалы ғылыми ізденіске әкелген. Бұған дейін Ирландияда өткен халықаралық конгрессте жоғары бағаға ие болған жобаның қоршаған ортаға зиянсыз екені дәлелденді.
Оқушының сұрағына жауап іздеген мұғалім тәжірибеге кірісіп, жаңа жоба ойлап тапқан. «Мына құрылғыны әлі де жандандырып, көліктерге орнату арқылы бензинге сұранысты ғана емес, қоршаған ортаға келетін зиянды да азайтуға мүмкіндік бар», - дейді ол. Қазір жобаны жан-жақты зерттеп, көліктерге орнату жолын іздеп жатыр.
Рақымжан Қосанов, химия пәнінің мұғалімі:
- Бізге бұйырса, арнайы керемет ұяшық жасап жатыр. Ол дайын болған кезде біз оны тағы да тексеретін боламыз. 0.83 вольт энергия алатын болса, біз бірден мұны ойыншық көліктерге тексеріп, сынақтан өткізетін боламыз. Ағылшын тіліндегі аты – Hidro-aqua sell. Яғни, Hidro деген сөз – су деген сөз. Aqua да латынша су деген сөз. Яғни, су мен судың әрекеттесуімен алынатын энергия деп аталады.
Бұл жоба Ирландияның астанасы Дублин қаласында өткен халықаралық конргессте үздіктер қатарына енген. Әлемнің 71 елінен келген 1200 ғалымның назарын аударған жобаны жүзеге асыруға пәкістандық ғалым да үлесін қосып жатыр.
Саид Асиф Аббас, химия пәні бойынша халықаралық мұғалім:
- Бұл жоба басқа қымбат құрылғылардың орнын ауыстыра алады. Сондай-ақ электр желісі тартылмаған шалғай ауылдарды қуат көзімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – қоршаған ортаға да ешқандай зиян келтірмейтін керемет жобаның бірі.
Жобаның берері көп. «Жасыл» энергияға көшуге де мол мүмкіндік. Атыраулық ғалымдар келер жылы Белгияда өтетін халықаралық жиынға да жаңа жоба ұсынуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов