Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автожолын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Талдықорған-Қалбатау-Өскемен күрежолының Шығыс Қазақстан облысындағы учаскесін жаңғырту жұмыстары жақында аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.

Жолдың жиегін қоршап, белгілер орнатып, ауылдарға кіреберіс жол салу ғана қалды. Бұл автодәлізді жөндеу барысы Мемлекет басшысының тікелей қадағалауында. Жуырдағы Жолдауында да Президент көлік-логистика секторын дамытудың стратегиялық мәніне айрықша тоқталған болатын.

Қалбатаудың тұрғыны Медет Жәуденнің айтуынша, осыдан 6-7 жыл бұрын ауылға тиіп тұрған Өскеменге жету мұң болған. «Шұрық-тесік жол жүйкені де, көлікті де тоздырды», – дейді ол.Енді, міне, екі араны 1,5 сағатта еңсеруге болады.

Медет Жәудан, көлік жүргізуші:

- Қазір жақсы, бір сағатта барып келіп аласың, жетіп аласың. Аягөз екі ортасы тезірек бітсе екен деп тілейміз енді. Сол ғана қалды.

Жалпы республикалық автодәліз құрылысы 2019 жылы басталған еді. Алайда пандемияға байланысты жұмыс созылып кетті. «ҚазАвтоЖол» компаниясы өкілдерінің айтуынша, кейін мердігерлер арасындағы ауыс-түйіс те кері әсерін тигізді. Әйтеуір қаржылық, логистикалық мәселе реттеліп, іс қайта жанданды.

Алтай Сәркен, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Негізінде бұл жолда 3 қабат асфальт. Соның бір жерде бір, бір жерде екі қабаты аяқталған кезде халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жүріске рұқсат бергенбіз. Ендігі биылғы жылы толық 3 қабатпен бітіріп, толық аяқтап жатырмыз.

Қадағалаушы қызметкерлер: «Жолдың қазіргі сапасы жақсы», – дейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жабындыға отандық өнім қолданылған.

Ерлан Әміреев, инженерлік-техникалық қадағалау қызметінің бас инженері:

- Барлық материалдар Қазақстанда жасалып жатыр. Жол сапасы толығымен ҚР нормативтік талаптарына сәйкес, бірнеше сараптамадан өткізіп, сапасының шыққанын дәлелдеп шықтық.

Жол бойына 100-ге тарта су өткізу құбыры, 7 көпір салынды. Осы бөлікті жөндеуге 33 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалды.

Талдығорған-Қалбатау-Өскемен автодәлізі – көліктік әл-ауқатты туристік кластерді көтеретін маңызды қатынас. Қазір Жетісудағы жол бөлігінде негізгі жұмыс аяқталды. Ал Абай облысындағы құрылыстың 85% бітті. Осылайша, биыл жыл соңына дейін межеге сай ұзындығы 768 шақырымға созылатын бұл дәліз толық қолданысқа беріледі.

Авторлары: Эльмира.Ахметова, Жігер Бабаханов.