Қазақстанда мопедтер енді көлік санатына жатқызылады

Мопед жүргізушілері «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алуы қажет. Осылайша, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін Сенат мопедтерді тіркеу мен көлік жылдамдығын бақылауға арналған заңды мақұлдады. Заң бойынша елдегі барлық мопед тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі. Осыған дейін мемлекеттік тіркеу нөмірі болмағандықтан, Ішкі істер министрлігіне бейнебақылау камералары арқылы мопед жүргізушісінің кім екенін анықтау қиынға соққан. Салдарынан жол ережесін бұзғандар көбейген. Ведомствоның дерегінше, елде 80 мыңнан аса мопед бар. Былтыр осы көлік құралының кесірінен, 750 көлік апаты тіркеліп, 39 адам көз жұмған. Биыл 8 айдың өзінде осы көліктің қатысуымен 962 көлік апаты тіркелді. Салдарынан 48 адам мерт болып, 1024 тұрғын жараланды. Сенат төрағасы өңірлерде тіркеліп жатқан жол апаттары қоғамды қатты алаңдатып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударғанын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Жолдауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгін қаралған заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Жол қауіпсіздігін одан әрі цифрландыру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мақұлданған заңдар жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.