Үйінде тұрмайтын адамдарды тіркегендерге жаза күшейтіледі

Енді баспанасына шамадан тыс және үйінде тұрмайтын адамдарды тіркегендерге жаза күшейтіледі.

Бұған қатысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді. Айтуынша, тіркеуге өте көп адам алған 1348 пәтер иесі анықталған. Жалпы үйге тіркелетін адам санында шектеу жоқ. Алайда одан пайда табу заңсыз іс саналады. Жуырда 900-ден астам адамды құжат бойынша өзінің аядай ғана баспанасында тұруға рұқсат берген астаналық азамат анықталыпты. Ол ел тұрғындарынан бөлек шетел азаматтарын да тіркей берген. Бұл тұста пәтер иесі заңсыз көші-қонды ұйымдастырған деп танылып, оған екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 

Аслан Аталықов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы:

- Қазір жалған тіркеулерге қатысты нормаға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен мамандар, үйінде тұрмайтын адамды тіркеуге алу әрекетін іске асыруға жол бермеу талаптарын ұсынып отыр. Сәйкесінше бұл құжат алдағы уақытта Парламент қабырғасында қаралуы мүмкін.