97 жастағы әже скандинавиялық жүріспен күніне 5 шақырымды еңсереді
97 жастағы Зинаида Сагунова 70 жылдан бері скандинавиялық жүрумен айналысады, деп хабарлайды 24kz.
Зейнеткердің айтуынша, оған жыл мезгілі де, ауа райы да кедергі емес. Күн сайын ол 5 шақырым жолды жаяу жүреді.
«Дені саудың – жаны сау». Бұл – Зинаида Сагунованың берік ұстанымы. Спортпен айналысуды сонау 1952 жылы бастаған. Денсаулығы сыр берген соң скандинавиялық серуендеуді қолға алыпты. Содан бері бұл әдет оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. «Тұрақты дене шынықтырумен айналысу денсаулықты жақсартуға ғана емес, сонымен бірге көңіл-күйді де жақсы ұстауға көмектеседі», - дейді зейнеткер.
Зинаида Сагунова, Алматы қ. тұрғыны:
- Мен қатты ауырдым. Жүрегім, іш құрылысым мазалады. Созылмалы бронхит те бар. Сөйтіп, сол уақытта Киров атындағы зауыттың дәрігеріне бардым. Ол жерде 75 жастағы дәрігер бар еді. Мен ол кезде 25 жастамын. Ол мені қарап: «балам, сен өзіңді күтуің керек. Жаттығу жаса, көп жүр» деді. Мен бар болғаны дәрігердің айтқанын істедім. Жүрегім де, ас қорыту жүйесі де жақсарды.
Қазір Зинаида апай айналасына өзі сияқты егде жасқа бет бұрған белсенді жандарды жинаған. Олар күн сайын таңғы сағат 6.00-де бас қосып, серуендейді.
Роза Сопбекова, Алматы қ. тұрғыны:
- Тереңқұрда жүргеніме міне, бесінші жыл болып бара жатыр. Таңертең 6.00-де тұрамыз. Алтыдан біз дереу біріміз бірімізді іздеп, күндегі әдетіміз, жұмысымыз бұл біздің. Ешқандай қалуға болмайды бұл жерде, қалсақ, бірімізді ұрсамыз тіпті. Ұрсады апам маған, «неге келмей қалдың, кел» деп.
Жасы ғасырға таяған Зинаида апай жастарға спортпен айналысуды ертерек бастау керек деп үнемі айтып жүреді. Физикалық белсенділік – ұзақ әрі салауатты өмірдің кепілі.
Зинаида Сагунова, Алматы қ. тұрғыны:
- Ерте тұрып, спортпен айналысу керек. Еріншек болсаң, ағзаңды ауру дендейді. Денің сау болмаса, өмірдің мәні кетеді. Сондықтан спортты ерте жастан жаныңа серік еткен жөн.
Зинаида апай күнделікті үш сағатын спортқа арнайды. Зейнеткер әсіресе, Тереңқұр жағасында серуендегенді ұнатады. «Табиғаттың сұлулығы тамаша», дейді ол. Сондықтан бұл аумақ оның тұрақты бағытына айналған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Джакупов