ЖИ композиторлар мен клипмейкерлердің бәсекелесіне айналды
Жасанды интеллект композиторлар мен клипмейкерлердің бәсекелесіне айналды, деп хабарлайды 24kz.
Қазірдің өзінде цифрлық жүйе санаулы секундта ән шығарып беріп жатыр. Сөзін де өзі жазады. Тақырыбына сай бейнебаян дайындауға да болады. Осы әдісті тұрақты табыс көзіне айналдырғандар бар. Жасанды интеллект ән әлемін әрлей ме, әлде әлекке сала ма?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Музыкалық аспаптар, жеті нота, талант пен кәсіби білім. Әуен шығару үшін осының бәрін тоғыстыра білу қажет. Алайда қазір жасанды интеллектінің айтары мүлде басқа болып тұр.
Асылжан үшін жасанды интеллект – бизнес құралы. Ол екі бағдарламаны қолданады. Алғашқысы әнге сөз жазса, кейінгісі әуенін шығарып береді. Тапсырыс толастаған емес. Көбіне тойға арналған әндер сұраныста. Ал кәсіпкерлер маркетингке қажетті музыкалық шығармалар жиі жаздырады екен.
Асылжан Қалмен, жасанды интеллект және әлеуметтік желі маманы:
- Біз негізі қазір әжептәуір ақша шығарып тастадық. Бұл нәрсені келіншегіме үйретіп қойдым. Декретте отырған ана ғой. Үйде отырып, жасап жатыр. Примерно 15 күннің ішінде 700 мың теңгедей тауып тастады. Бір айдың ішінде миллионның үстінде тауып тастадым.
Қаласаңыз, жасанды интеллект әнге бейнебаян түсіріп береді. Оған түсірілім тобы, дербес декорация мен әдемі локация да қажет емес. Яғни уақыт пен қаражатты тағы үнемдеуге болады. Бастысы, цифрлық бағдарлама мен режиссерлік көзқарас тоғысса жеткілікті.
Қанат Есіркепов, жасанды интеллект бойынша сарапшы:
- Клиптің өлеңі жүріп жатады, оған өзінен өзі видео шығарып бермейді. Клиптің ішіндегі әрбір сөзге оны адам өз қолымен промп-инженерия арқылы, яғни запростар жазып, картина генерациялайды. Біз бір персонажды белгілеп, сол персонаждың негізінде әртүрлі сюжеттер жасап, соны жандандырамыз.
Алайда жасанды интеллект адамның ұлттық болмысы мен көңіл-күйін әуенмен жеткізе алмайды. Белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановтың пікірі осындай. «Кәсіби білім мен шынайы сезімді ұштастырмаған ән ешқашан музыкалық шығармаға жатпайды», - дейді ол.
Төлеген Мұхамеджанов, композитор:
- Ол ешқандай жаңалықпен жанды қозғайтын әуен алып келе алмайды. Мысалы, мен қазір бір мелодия жазып жатырмын. Шынын айтқанда, неше күн болды, біраз талаптанып жатырмын. Біресе былай, біресе былай. Сен бүкіл білгеніңді, жегеніңді, іздегеніңді салмасаң, ол сенікі болып шықпайды. Сондықтан бұл арада алдануға болмайды. Одан ешкім ұтпайды.
Әр саладағы жаңашылдық сияқты ән әлемі де өзгерістермен толығып отырады. Алайда композиторлардың айтуынша, бәсекеден бұрын төл музыканың табиғи ырғағы мен шынайылығын сақтап қалу маңызды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев