Сапарын ШҚО-дан бастаған жиһанкез қария жаяу Бейжіңге жетті

Атақты жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев Бейжіңге жетті, деп хабарлайды 24kz.

Шығыс Қазақстаннан басталған сапар екі айға жалғасты. Осы уақыт ішінде ол бірнеше мемлекетті аралап Қытай астанасына жаяу жетті. Қарияны Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қарсы алып, сый-құрмет көрсетілді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Сәрсенбай Қотырашевтың сапары 2 тамызда Өскеменнен басталды. Ол алдымен Ресейге өтіп, Алтай өлкесін аралап шығады. Жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, бірқатар нысанға барып көреді. Кейін Моңғолия шекарасынан өтіп, Баян-Өлгей арқылы 8 қыркүйекте Ұлан-Батырға соққан. Жиһанкез қария жаяулатып 3000 шақырым жол жүріп, Бейжіңге келді.

- Дөңгелегіңіз тозып кетіпті ғой?

- Енді қаншама жол жүрдім. Биыл осы сапарымда 20-ға таяу резина айырбастадым.

- Жиырмасын ауыстырдыңыз ба?

- Иә. Айырбастадым. Әлі екі запасым бар салатын.

74 жасқа келсе де қарт жолаушы тың көрінеді. Жол-жөнекей «Құдайы қонақ» боп амалдапты. Бағыт-бағдарды жергілікті полицейлерден сұрап біліп отырған. Ал бар байлығы қол арбасында 

- Мына сөмке, чемоданның ішінде не бар?

- Мұның ішінде менің спальный мешогым, төсенішім, палаткам, запас дөңгелектерім. Соған керекті саймандарым...

Бұл – оның дүниежүзін шарлау миссиясының екінші кезеңі. Бұл жолғы сапарын ол Қазақстанда өткен Көшпенділер ойындарына арнаған. Мақсаты – мемлекеттерді аралап ұлттық мәдениетімен танысу. Ел мен жерді кезіп жүріп қазақ елінің дәстүрін насихаттауды көздейді.

Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:

- «Көлікке отырыңыз, біраз жерге дейін жеткізіп тастайын» дегендер де болды. Мен олардан бас тарттым. Себебі сапарымның тәртібі бұзылатын болды. Бәріне де ырзамын. Моңғол халқына, Қытай, Ресей халқына Алтай өлкесінің. Құрметтеп қарсы алып, қонақ асын берді. Сый-құрметін жасап жатыр. Шын ниетімен тілектерін айтып жатыр. Мұның өзі маған үлкен демеу болды.

Марафоншыны Бейжіңде қазақстандық дипломаттар күтіп алды. Белгілі саяхатшы елшілікте жұмыс істейтін жас мамандармен кездесіп, ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Жолаушы мейманға құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды.

Саяхатшы көрген, білгенін жуырда қағаз бетіне түсіріп, кітап жазбақшы. Ол үшін алдымен Еуропа мен АҚШ-ты аралауға бекініп отыр. Сәрсенбай Қотырашев сапарын елордада қорытындылайды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы 24 кз Бейжіңнен