Жасанды интеллект мамандарды алмастыра ала ма?
Жасанды интеллект дамыған сайын жұмыссыз қалуы мүмкін мамандықтар тізімін айттық. Олардың арасында журналистика да бар ма екен?
Жалпы жасанды интеллект жаңа қырын көрсеткен сайын оның айналасында айтылатын алып-қашпа әңгіме аз аз емес. Сондай сәттердің бірінде жұмыссыз қалуы мүмкін мамандықтардың ішіне журналистика да кіріп кеткен болуы керек. «Тілшілерді алмастыра ала ма?» деген суалды жасанды интеллектінің өзіне қойып көрдік. Нейрожүйе бұл болжамды бірден теріске шығарды.
Расында жасанды интеллектінің ұтымды тұстары жетерлік қой. Дегенмен, салыстырмалы түрде әлемді қатты таң қалдырған жаңалықтарының бірі қайсысы болды?
Ең қызығы, жасанды интеллект өлең шығарып, әннің сөзін жаза алады. Суырып салма ақындығы тағы бар. Ертегі мен киносценарий құрастырады. Ғалымдар: «Осылай жалғаса берсе, бағдарлама бір қатар қаламгерді жолда қалдырады», - деп болжамдап отыр. Бірақ бұған біздің ақындар қауымы келіспейтінін айтады. Бір сөзбен айтқанда, «Жүректен шықпаған шығарма жүрекке жетпейді, бұл пікір қисынсыз», - дейді.
Алпамыс Файзолла, ақын, аудармашы:
- Яғни, әдеби туынды жүректің терең түкпірінен ерекше тебіреніс-толғаныс әсерден туады. Қиялы жоқ, әсері, сезімі жоқ, жүрегі жоқ жасанды интеллект ол қалай қаламгер болады. Ол мүмкін емес нәрсе Тақпақ құрастырып бере алуы мүмкін. Бірақ ол бәрібір жоғары классикалық деңгейде өнер дәрежесіне жете алмайды.
Жасанды интеллект елде қалай дамып жатыр?
Сұқбат берген спикерлердің ішінде ең қатты таңқалдырғаны елордалық Еркебұлан Жігербав деген стартапер болды. Ол командасымен бірге 3 айдың ішінде әлемде жоқ жобаны ойлап тауыпты. Бағдарлама арқылы белгілі бір компанияға сараптама жасап, ақауларды анықтауға болады. Осының нәтижесінде 120 мың доллар инвестиция алған. Қазір Мысыр елінен ұсыныстар түсіп жатқанын жеткізді.
Еркебұлан Жігербаев, стартапер:
- Қазіргі таңда біз Қазақстанның мұнай компаниясына енгіздік. Одан бөлек, көптеген компаниялар қазір бізге қызығушылығын танытып жатыр. Себебі бұрын егер кейбір шешімдер 3 ай немесе жарты жылға дейін созылатын болса, біздің технология арқылы біз осы уақытты 80% кішірейткен болатынбыз.