Әлемде күніне 2 млрд тостаған кофе ішіледі
Кофе күнделікті асқа айналды. Кәсіпкерлер де түр-түрін дайындайды. Бірақ бұл кофенің пайдасы қандай, зияны қайсы? Оны ойладық па?
Жапондық ғалымдар кофені күніге бір шыныаяқтан артық ішпеу керек деп кеңес берген екен.
Кез келген нәрсенің ағы мен қарасы болатыны секілді, кофенің пайдасы да көп, зияны да жоқ емес.
Әлемде күніге 2 млрд тостаған кофе ішіледі. Бұл көрсеткіш әлде де өсе беруі мүмкін. Өткен ғасырда жүздеген млн адам кофені тұрақты ішсе, қазір бұл сусынға құмартқандар саны 1 млрд-қа өсті. Бұдан бөлек, кофенің қымбаттаған үстіне қымбаттай түсуі оның сұранысқа ие екендігін анық байқатады. Статистика бойынша әлемде әр адам алғаш 22 жасында кофенің дәмін татады. Сөйтіп, тәтті сусынға құмартып, өмір бойы тұтынады екен.
Таңда ішкен кофе ағзаға пайдалы
Кофе көпшіліктің сүйікті сусынына айналғанымен, мамандар: «Оны таңда ғана тұтынған жөн», дейді. Құрамындағы кофеин мен биологиялық белсенді заттар денсаулыққа оң әсер етеді. Зейінді жақсартады. Шаршағанды басады. Күш-қуатты арттырады. Сол себепті кей спортшылар жаттығу алдында міндетті түрде кофе ішеді. Былтыр ғалымдар кофені көп ішетін адамдарға сынақ жүргізді. Нәтижесінде олардың ағзасында ішекке пайдалы бактерияның артқаны анықталған. Бұл адамның жүйкесі мен қатар артық салмақтан да сақтайды. Мамандар сосын кофенің түйіршік түріне қарағанда ұнтақ түрін ішуге кеңес береді. Өйткені оның құрамында минералдар мен полифенолдар көп.
Никола Шубрук, диетолог:
- Кофе құрамында пребиотик ретінде қызмет атқаратын бірнеше қоспа бар. Бұл пробиотикалық пайдалы бактерияларды қоректендіреді, олардың өсуі мен жұмыс істеуі үшін қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді.
Әлемде кофені ең көп тұтынатын ел – Финляндия. Әр фин азаматы жылына орта есеппен 12 келі кофе ішеді. Финляндиядан кейін Норвегия, Исландия, Дания, Хорватия және Нидерландта сусынға сұраныс жоғары. Бұл елдерде кофе ішу күнделікті үрдіс саналады.
Бранимир Бенчич, жергілікті тұрғын:
- Біз кофені жылдам ішкенді ұнатпаймыз. Сусынды тұтыну сәтінен рахат алып, күнімізді кофеханада асықпай өткізгенді құп көреміз. Тамыр-танысымызбен кездесер болсақ та, «бір кесе кофе ішпейміз ме» дейміз. Бұл үрдіс біздің күнделікті тұрмысымызда маңызды рәсімге айналған.
Кофе үшін қолжетімді баға Америкада
Кофе бағасы алпауыт Америкада айтарлықтай қымбат емес. Бір шыныаяқ үшін оның орташа бағасы – 2,6 доллар. Массачусетстегі кофе құнын да қалта көтереді. Былайша айтқанда, әрі кетсе бір күндік жалақының 10%-іне тең. Техас штаты да – кофесүйер қауым үшін ең үнемді жер. Бір кесе сусын – 2,13 доллар. Ал кей штаттарда керісінше, баға шарықтап тұр. Мәселен, Орегонда бір тостағаны шамамен 4,4 доллар. Мұнан соң Оңтүстік Дакота сусынды шамамен 3,8 долларға сатады. Америкалықтар орташа есеппен күніне 400 млн кесе кофе ішеді. Былтыр олар сусын сатып алуға 48 млрд доллар қаражат жұмсаған.
Жүрек ауруы бар адамға кофе зиян
Күніне екі шыныаяқ кофе ішу инфаркттен болатын өлім қаупін екі есе арттырады. Жапония ғалымдарының кейінгі зерттеуі осыны дәлелдеп отыр. Ал тәулігіне бір тостаған кофе ішкен адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруынан келетін өлім қаупі аз. Мамандар нақты нәтижеге көз жеткізу үшін 18600-ден астам ер азамат пен әйел затының деректерін пайдаланды.
Хироясу Исо, зерттеуші:
- Біздің зерттеуіміз кофенің гипертонияға шалдыққан науқастарға қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін жүргізілді.
Кофені көп ішетіндер арасында өлім-жітім көбейді
Ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліметіне қарағанда, 1995-2008 жылдар аралығында кофені көп ішетін 52500 адам қайтыс болды. Олардың дені – ер адам. Құрбандардың көбі кофемен бірге темекіге тәуелділер. Мамандар кофе ішпейтін ер азаматтарға қарағанда тәулігіне 6 және одан да көп шыныаяқ сусын тұтынатындардың өлім қаупі 10% жоғары дейді. Ал бұл көрсеткіш әйелдерде 15%-ке тең.
Бәрін айт та, бірін айт, кофе – ағзаға қажетті дәрумен. Ішсең ұйқың ашылады, ішпесең, басың ауырады. Десе де, сусынның саулығымызға қаупі де жоқ емес. Сондықтан мамандар айтпақшы, сапалысын біліп, шамалап ішкен жөн, әрине.