Ескерту: Алдағы аптада бірқатар өңірге қалың қар түседі

Өңірлерде күн райы құбылып тұр. Қазір қауіпсіздікке баса назар аудару маңызды. Себебі, қыс қатты болады деген болжамдар айтылып жатыр.

Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы аптада қалың қар түседі. Әсіресе, елдің солтүстік және орталық өңірлерінде жағдай күрделі. Атап айтқанда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында қауіп деңгейі жоғары. Мамандар бұл құбылысты солтүстік-батыс циклонымен байланыстырып отыр. Күнгейдегі халық та қалың киімдерін сайлап, қытымыр қысқа дайындалғаны абзал. Суық күндер елдің оңтүстігінде де күтіледі. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында аралас жауын-шашын, қарға айналып, арты көктайғаққа әкеп соғуы мүмкін. Ал ауа температурасы күндіз үш градусқа, түнде минус үш градусқа дейін төмендейді.

Алина Исмағұлова, «Қазгидромет» РМК ресми өкілі:

- Бұл аптада қалың қар жауып, жел күшейеді. Ертең елдің орталық бөлігінде күн райы тұрақталғанымен, 13-інен бастап күн райы қайта құбылады. Кеше түнде Астанаға 4,4 мм қар түсті. Биіктігі – 18 см. 11 қарашаға дейін 26 мм қар жауды, ал айлық норма29. Яғни, елорда бір айлық нормаға жетті.

Естеріңізге сала кетейік, дүлей дауыл мен бұрқасын кеше басталған еді. Қазір бағыттардың басым бөлігі ашылғанымен, соңғы тәулікте 32 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 40 жолаушы түрлі жарақат алыпты. Ішкі істер министрлігі жолаушыларға сақ болуды ескертеді. Олар жүргізушілерге арнайы ескерту жариялап, ауа райының кесірінен көру деңгейі төмендейтінін айтты. Сондай-ақ шұғыл шаруа болмаса, жолға шықпауға шақырады. Регламентті де қатаң сақтауды міндеттеді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ ӘПК Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесінің жұмысын қараңыз. Терезе тазалағыш щеткалар, сондай-ақ, сұйықтықтың деңгейін тексеріңіз. Қысқы дөңгелектер қолданыңыз. Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Және дөңгелектерге жолда сырғануға қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қашықтықты сақтаңыз, әсіресе, қыс мезігілінде алда келе жатқан көлік құралына дейінгі үлкен арақашықтықты сақтаңыз.

Қалың қар түссе, қала ішіндегі жүріс-тұрыс та күшейетіні жасырын емес. Жұмысқа келе жатып өзіңізде байқаған боларсыз, елорданың да аспаны да төгіліп тұр. Астанада қар тазалауға 1300 техника мен 2500 жұмысшы шыққан екен. Коммуналды қызмет тәулік бойы үздіксіз еңбектенуде. Осы аптаның өзінде 4500-ден астам рейс жасап, 57 мың текше метр қар шығарылған. Біз эфир алдында тазалықшылар жұмысын түсірген едік, соны назарларыңызға ұсынсақ.

Өзге қалалардың тазалықшыларына оңай соғып жатпағаны анық. Олардың ерең еңбегі, ең алдымен, қауіпсіздік үшін маңызды.