Талдықорғандық оқушылар зағип жандарға ақша санайтын құрылғы ойлап тапты

Зағип жандар да сауда жасап, судыратып ақша санай алады. Талдықорғандық оқушылар ақшаның қанша теңге екенін жазбай танитын құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.

Бұдан бөлек, жас өнертапқыштар табиғатқа зиян тигізбейтін пластик жасап шығарды. Осы арқылы олар жаһандық проблемаға айналған мәселені шешуге үлес қосуға ниетті.

Теңгені жазбай танып, дыбыстап беретін құрылғыны Диана Қасымова мен Артур Голованов құрастырды. Олар осы арқылы зағип жандардың тұрмысын жеңілдетуге тырысқан.

Диана Қасымова, жас өнертапқыш:

- Құрылғы өте тиімді. Себебі автономды нейронды жүйемен жұмыс істейді. Бұл шынында да зағип жандарға көмек тигізетін дүние болады деп ойлаймын. Бұған көп шығындалған жоқпыз. Бағасы қолжетімді болады. Келешекте үлкен компаниялармен байланысып, жобаны дамытсам деймін.

Бұндай құрылғының көзі көрмейтін жандарға аса қажет екенін Қуаныш Қапанов айтқан. Қоғамдық бірлестік төрағасы жас өнертапқыштың жобасын енді сынақтан өткізбек.

Қуаныш Қапанов, қоғамдық бірлестік төрағасы:

- Көзіміз көрмегеннен кейін ақша санай алмаймыз. Кассирдан не біреуден сұраймыз да. Біреу айтады, мың теңге, екі мың теңге. Шын мәнінде білмейміз де, қанша ақша беріп жатқанымызды. Егер жаңағы жобамыз іске асатын болса, біз ешкімнен сұрамай-ақ аппаратпен танып біліп, магазинге бере аламыз. Тұрмысты жеңілдететін бірден-бір аппарат болады.

Ал Гүлбақыт Қуанышқызы мен Дәрия Есқатқызы аз уақытта ыдырайтын биопластик жасады. Пектин, желатин және глицерин қоспасынан тұратын целофанды шығару үшін бір жылдан аса уақытын жұмсаған. Сан түрлі тәжірибе жасап, ең ұтымдысын ғылыми туынды ретінде патенттеді.

Дәрия Есқатқызы, жас өнертапқыш:

- Жыл сайын зауфттар мен фабрикалар 400 млн тонна пластик өндіріп шығарады. Және осы пластиктардің ыдырауына кететін уақыт 400 және 500 жылды құрайды. Осы жылдар аралығында пластиктің көп мөлшерде жинақталуы қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізеді. Сол себепті осы проблеманы шешу мақсатында  біз биопластик ойлап таптық.

Гүлбақыт Қуанышқызы, жас өнертапқыш:

- Топырақта ыдырауы 6-7 айға созылады. Сулы ортада ыдырауы 3-4 аптады. Сілті немесе қышқыл ортада 3-4 айды құрайды. Осылайша, бұл жоба алынатын биопластигіміздің биологиялық ыдырауға қабілеттігін көрсетті. Және экологиялық таза екенін дәледеді.

Жас химиктер қанатқақты жобасын әлі де жетілдіре түспек ниетте. Қоғам үшін пайдалы кәсіпті келешекте өндірістік деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов