Алматыда мұз үстіне шығу қауіпті

Алматы аумағында адам өміріне қауіпті алты су айдыны бар, деп хабарлайды 24KZ. Себебі олардағы мұз әлі қалың қатқан жоқ. Әзірге адамның салмағын көтере алмайды.

Мұздың қауіпсіз болуы үшін қалыңдығы кемінде 10 см, ал бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін 25 см болуы тиіс. Соңғы күндері ауа температурасы төмендеді. Бірақ су бетіндегі мұздың қалыңдығы 4-5 см ғана. Бұл адам салмағын көтере алмайды. Төтенше жағдайлар департаменті осылай деп дабыл қағып отыр. Баспасөз мәслихатын өткізген құтқарушылар сақтық шараларын ұстануға шақырды. Барлық су қоймаларының жағасына ескерту белгілері орнатылған. Дегенмен оған құлақ аспайтындар да кездеседі. Әсіресе сырғанақ тепкенде, балық аулағанда барынша абай болған жөн. Мұздың қалыңдығын түсіне қарап та ажыратуға болады.

Есбол Сұлтанов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкері:

-Айта кетсем, 4 см деген адамның 4 саусағымен есептеуге болады. Бірақ толығымен көз жеткізу үшін толығымен, айтып кеткендей, түсімен анықтаған жөн. Көк түсті мұз – берік мұз. Ақ түсті мұздың беріктігі екі есе аз. Сарғыш түсті және сұр түсті мұз берік емес.