Алматы – Екатеринбург бағытындағы қозғалыс бір тәулікке тоқтайды
Ақтүтек боранға байланысты таңнан бері елде жол қозғалысы қиындады. Бірнеше өңірде республикалық маңыздағы жолдар жабылды.
Көлік қозғалысы шектелген өңірлер қатарында Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Қарағанды облыстары бар. Жолдар жабылса да, ескертуді елемегендер діттеген жеріне жетпей әбігерге салды. Мәселен, Теміртау қаласының тұсында 300-дей көлік кептеліске тұрып қалған.
Ауа райының қолайсыздығын көріп, ескертуді біле тұра елемегендер жолда қалды. Тасжол көктайғақ. Ақтүтектен жол да көрінбейді. Салдарынан бірнеше бағытта келеңсіздіктер болды. Мәселен, Қарағанды облысында қатты жел салдарынан автобус аударылды. Сол сәтте көлікте 17 жолаушы болған. Оқыс оқиға бүгін таңғы 9:00 шамасында тіркелді. Polisia.kz медиа-порталының хабарлауынша, №84 маршруттық автобус Петровка ауылының маңында Ботақара-Қарағанды бағытындағы жолда аударылған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Полиция қызметкерлері жолда қалған жолаушыларға қол ұшын созды.
Елордаданы да қалың қар басты. Түннен бері коммуналдық қызметтер тәулік бойы жолды қардан аршып жатыр. Кешеден бері 2700-ден астам адам мен 1600-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Арнайы қызметтер алдымен көлік көп жүретін жолдарды тазалауға көңіл бөлген. Жалпы қыс басталғалы 3,5 миллион текше метр ақ ұлпа полгионға жеткізілді. Айта кетейік, қаладағы ақ ұлпа арнайы жасақталған қар полигондарына үйіледі.
Күн райының қолайсыздығынан Ақмола облысындағы Аршалы мен Жібек жолы ауылдары маңындағы күрежол жабылды. Мамандар Алматы-Екатеринбург бағытындағы қозғалыс бір тәулікке тоқтайтынын айтты. Табиғаттың шәлкес мінезін елемей, жолға шығып кеткен 95 жүк көлігі мен 131 жеңіл көлікке тиісті көмек көрсетілген. Құтқарушылар мен еріктілер жолда қалған азаматтарға ыстық шай мен тамақ таратты. Ал жылыту пунктеріне 14 адам жеткізілген. Сондай-ақ Ақмола облысында Екатеринбург-Алматы бағытындағы тасжолда жеті жеңіл көлік артқан жүк машинасы жол жиегінен шығып кетті.
Шығыс Қазақстанда ақ түтек боранда жолда қалған көлік жүргізушілеріне көмек көрсетілді. Өскемен-Шемонайха бағытында келе жатқан екі бірдей жүк машинасы жел екпініне шыдамай, жол жиегіне шығып кетіп, қар құрсауында қалған. Өз бетімен шыға алмасын білген жолаушылар құтқарушыларды шақыртуға мәжбүр болды. Омбы қарда жүруге арналған арнайы техника күшімен бас-аяғы бір сағатта екі көлік те шығарылды. Төтенше жағдайлар департаменті болса кешеден бері дауылды ескерту жариялап келеді. Өлкеде алдағы бір-екі күн бойы қатты боран, көктайғақ болады деп болжанып отыр. Ізінше аяз қатаяды деген мәлімет бар.
Авторы: Айнұр Қуатқызы өңірдегі тілшілердің көмегімен.