Омыртқа хирургиясы: ғалымдар отандық имплант ойлап тапты
Отандық ғалымдар мен нейрохирургтер бірлесіп, омыртқа жарығына қойылатын арнайы имплант ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ. Олар шетелдік аналогтарды алмастыратын жасанды омыртқааралық диск әзірледі. Оның көмегімен бүгінге дейін 25 операция жасалды.
Нұрәлі Тенбаев омыртқаға операция жасаған 25-ші науқас. Дерт бір жыл бұрын анықталғанымен ол уақытылы ем қабылдамаған. Айтуынша, әуелде кәсіби дәрігерлерге жүгінбей, халықтық әдістермен емделуді жөн көрген. Ауру асқынып, жүріп-тұру қиындаған кезде дәрігерге барған.
Нұрәлі Тенбаев, Ақмола облысының тұрғыны:
- Понедельник күні операция жасаған. Операциядан, құдайға шүкір, жақсымын. Кеше тұрып, тәй-тәй басып жүріп жүрмін. Барлық туғаныма, осында әкеліп жатқызған сол кісілерге рақмет айтамын. Мен жазда да ауырып жүргенмін, былтыр да ауырдым. Бірақ пышаққа тигізбеймін деп осы уақытқа дейін жүрдім.
Отандық имплант – академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология, ұлттық биотехнология, ортопедия ғылыми орталығының және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірлескен жобасы. Тың бастама осыдан екі жыл бұрын қолға алынған. Содан бері Өскеменде титаннан жасалған жасанды омыртқааралық дискілер шығарылды. Қазір оны елордалық дәрігерлер де қолданады.
Жәңгір Ипмағамбетов, травматолог-ортопед:
- Шетелдік аналогтармен салыстырғанда қан тамырларының өнуіне және сүйек синтезін жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні омыртқааралық жарықты хирургиялық емдеудің ең қолайлы әдісі осы. Бұл бастама Қазақстан ғылымындағы тың серпіліс деп ойлаймын, Импортты алмастыру мақсатында да өте тиімді.
Отандық өнім шетелдікінен 6 есе арзан. Елге қажетті имплантты бұған дейін АҚШ, Еуропа, Қытай сынды елдерден сатып алатын еді. Қазір отандық мамандарды қолдауға ерекше назар бөлінеді. Мәселен, көрші Қытайдың дәрігерлері науқастың сүйек тінін қолдануға қызығушылық танытқан. Бұл бағытта биотехнология орталығының ғалымдары жұмыс істеп жатыр. Олар науқастың май жасушасынан дәнекер тін өсіреді.
Мұрат Байдарбеков, академик Батпенов атындағы ҰҒТО омыртқа хирургиясы бөлімінің меңгерушісі:
- Біз аутелогиялық ұлпадан сүйек тінін өсіреміз. Операция кезінде, жарықты алып тастағаннан кейін біз сүйек тінінің тез қалпына келуін қамтамасыз ету үшін осы жасушалық технологияларды енгіземіз. Қазақстандық медицина үшін бұл үлкен жетістік деп айта аламын.
Зерттеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың дәрігерлері жоба нәтижесін тақауда жариялайды. Қазір операция жасалған 25 науқас бақылауда. Алайда алдын ала тәжірибелер көрсеткендей, имплантат тиімді әрі адам өміріне қауіпсіз.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Сания Қобжосарова, Абдулхамит Бөлекбаев.