Медицина қызметкерлерін қорғау заңы қаралды
Дәрменсіз дәрігерлер заңмен қорғалады. Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жаза қатаңдауы мүмкін. Мәжілісте оларды да заңда нақтыланғандай ерекше мәртебемен қорғалатын мамандықтар қатарына енгізу қажеттігі айтылды. Депутаттар өзгерісті қолдағанымен заңның кей тетіктерін әлі шикі санайды. Осылайша құжат егжей-тегжейлі тағы бір қаралуы үшін екінші оқылымға қалдырылды.
Бұл әлеуметтік желі әшкере еткен әлімжеттік кадрлары. Соңғы бес жылда осындай 300-ге тарта озбырлық тіркелген. Бәрі де медицина қызметкерлеріне жасалған қатыгездік және дөрекілік деректері.
Дәрменсіз дәрігерлердің Президент пәрменінен кейін көңілі орныққандай болды. Өйткені енді жазықтылар қатаң жазаланады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерге шабуыл жасалса, бұл жай ғана даладағы бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділетті ме? Жауапкершілік өте жұмсақ. Бұзақы кішігірім айыппұлын төлеп, жайбарақат жүре береді. Мұнда бір сұрақ туындайды. Сонда, мемлекет үшін дәрігердің өмірі мен пациенттердің денсаулығының маңызы осынша төмен бе? Біз дәрігерлерді қорғау үшін ұсынған арнайы баптың диспозициясын, санкциялары және құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай қылып, тіпті сөзбе-сөз бердік.
Егерь дегені – қорықшы. Депутат құралай түгілі қорықшының өзі қорғансыз болған кезді еске салды. Яғни табиғат сақшысы оққа ұшқан оқиғадан соң олар ерекше мәртебемен қорғалады. Дәрігерлердің де жайы дәл солай.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
- Ойлап қараңыздаршы. Егер егерьге шабуыл жасаса, қылмыскер арнайы бап бойынша қазіргі уақытта қатаң жазаланады – ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Иә, бұл әділетті шешім. Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бапты енгіземіз. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді. Скептиктерге бірден жауап берейін: біз жаңа ештеңе ойлап тауып отырған жоқпыз.
Ал Абзал Құспан заңды жалпы жақтағанымен келіспейтін де тұстары бар. Ол медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерін мемлекеттік басқару тарауына тықпаланғанына таң.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік басқару деген былайша айтқанда Президенттен басталады. Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру. Одан кейін Парламент депутаттарына қатысты. Сосын Конституциялық соттың судьяларына қатысты. Одан кейін 380/3-пен медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері деп кетеді. Енді өзіңіз көз алдыңызға елестетіңіз. Қалайша жедел-жәрдем жүргізушісі мемлекеттік басқару ісіне қатысы болуы мүмкін.
Сала мамандарына сабырсыздық танытқанның бәрін сабасына түсіру жағы да әбден саралануы қажет. Өйткені ауру қысқанда ашумен ауыр сөз айтып қоюың бек мүмкін. Бірақ, соның соңы сорлатып жүрмей ме?
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Дәрігер мен пациент тұр. Біз осы екі араны қылмыстандырып жатырмыз. Ал ол жерде камотозды жағдайда, жақынын жоғалтып алды, болмаса дұрыс медициналық қызмет көрсетілмеді. Сол кезде адам эмоциямен неше түрлі сөз айтуы мүмкін. Сол үшін біз пациенттердің үстінен іс қозғай беретін болсақ менің ойымша бұның арты жақсылықпен бітпейді.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Егер адам қолында пышақ болса, қолмен ұрам десе, қарау керек міндетті. Егер жәй ғана сөз болса оған құқықтық баға береміз. Мүмкін іс қозғамайтын шығармыз.
Дәрігерлер де жұмысына жауапты. Сапасына қарай қылмыстық жауапкершілігі бар. Егер медицина маманы көмек көрсетуден бас тартса немесе өрескел қателессе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Жандос Битабаров