Түркістан облысында екі ауылда амбулатория ашылды

Түркістан облысында медицина саласын дамытуға баса мән беріліп отыр.

Ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ордабасы мен Сарыағаш аудандарында ашылған дәрігерлік амбулатория соның бір көрінісі, дейді мамандар.

Ордабасы ауданының Қараспан ауылында ашылған жаңа дәрігерлік амбулатория қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Тіс дәрігері, физиотерапия, педиатр, психолог, акушер-гинекология, күндізгі ем алу, екпе егу бөлмесімен қамтылған. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Жоба құны – 201 млн теңге. Жаңа нысан ауыл халқының жан қуанышына айналуда.

Айбат Күдербекұлы, Қараспан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің Қараспан ауылдық округінде 14 мың халық бар. 10 ауылда жаңа типтегі ФАП бар. Мінекей енді үлкен амбулатория ашылып, халықтың несібесі ғой. Осында қызмет істеп жүрген жігіттерге, облыс басшысына рақмет айтамын. Абыройлы болыңдар, халықтың алғысын алыңдар. 

Сондай-ақ жаңа дәрігерлік амбулатория Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елдімекенінде де бой көтерді. Медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Халықтың денсаулығын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Осы Нұрлы жол ауылында бізге бір ФАП салынса деген еді. Сонда сол жерде шешім қабылданып, аудан әкіміне тапсырма берілген болатын. Сіз сала беріңіз, жыл соңына дейін қаржысын тауып береміз деп. Міне бүгін жаңа ғимарат бой көтеріп, ел игілігіне жұмыс істейтін нысан. Ең бастысы дәрігерлерімізге рақметімізді, арғысымызды айтамыз. 

Жаңа нысан заманауи талаптарға сай қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 25 адамды қабылдап, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Айта кетейік, биыл облыста жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимарат салынып, пайдалануға берілді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш