Өскеменде дәрі-дәрмек бағасы тексерілді
Өскеменде дәрі-дәрмектің бағасы назарда тұр.
Бұл істі қоғам белсенділерінен құралған арнайы комиссия атқарады. Қаңтар айынан бері топ мүшелері қала аумағындағы қырықтан астам дәріхананы аралап шыққан.
Дәріханаларды аралап жүрген комиссия мүшелерінің қолында арнайы парақша бар. Онда денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шектік бағасы бекітілген 5 мыңға жуық дәрі-дәрмек атауы көрсетілген. Белсенділер сол тізім арасынан сұранысқа ие перапараттардың сатылымда бар-жоғын анықтап, бағасын білді.
- В перечене мазь 2260 тг а почти во всех аптеках высше 5000тг стоит.
Ал біршама фармацевтикалық өнімдер тіпті сатылымда жоқ. Кіріп шыққан тұрғындар да бұны растап отыр. Бірі іздегенін таппай сенделсе, енді бірі арзанын таба алмай әуре.
Любовь Козлова, қала тұрғыны:
- Міне кішкене құтыдағы жақпамай іздегеніме бірнеше күн болды. Өйткені үлкенін алуға шамам жетпейді, ал кішісін табу қиын. Мұнда жоқ болса тағы да іздеймін.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Мониторингтік топ көше бойындағы кез келген дәріханаға ескертусіз кіріп, дәрі дәрмек бағасын тізім бойынша тексеріп жүр. Түрлі заң бұзушылықтар анықталған жайғдайда заң шеңберінде шара қолдану үшін ол деректер құзырлы орындар назарына ұсынылмақ.
Мониторингтік топ өкілдерінің айтуынша, олар кірген әрбір екінші дәріханада түрлі заң бұзушылықтар тіркелген.
Александр Светаш, қоғамдық кеңес мүшесі:
- Қаңтардан бері қырықтан астам дәріханаға кірдік. Қолымыздағы тізімге сүйенсек, көптеген сәйкессіздік анықталды. Мәселен, қандай да бір препарат бір дәріханада қымбат болса, дәл сол дәрі өзге дәріханаларда да қымбатқа сатылып жатыр. Кейбір дәрі-дәрмек ұзақ уақыт бойы сатылымда жоқ болып шықты.
Қыдырғазы Баймұратов, қоғамдық кеңес мүшесі:
- Кейбір дәрілерде қымбатшылық көрінеді, басқа аптекаларға барсаң одан екі есе, үш есе қымбат. Енді мұндай қымбат бағаны қарап тексеру керек деп ойлаймын.
Рейд осымен бітпейді. Қоғамдық кеңес мүшелері әлі 100-ден аса дәріханаға бас сұғуды жоспарлап отыр.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин