СҚО-да жаңа емхана салынып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысындағы әр екінші аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді. Өткен ғасырдың ортасында салынған емдеу мекемелері әбден тозған.
Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілмек. Қазір Бескөл ауылында аудандық емхана бой көтеріп жатыр. Оның құрылысына Ұлттық қордан 5 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар нысан халық игілігіне қашан беріледі?
Бескөл ауылындағы аудандық аурухана 2004 жылы салынған. Содан бері халық саны едәуір ұлғайды. Қазір емдеу мекемесіне 40 мыңнан аса адам тіркелген. Ғимарат тар. Сондықтан дәрігерлер науқастарды екі ауысыммен қабылдауға мәжбүр.
Смайыл Сатин, Қызылжар аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
- Қазір балалар мен ересек адамдар бір ғимаратта қаралады. Бұл санитарлық-эпидимеологиялық тәртіпке сай келмейді. Ал жаңа емханада олар бөлек-бөлек қабылданады.
Сондықтан аудан орталығында жаңа емхана салу шешімі қабылданды. Қазір ғимараттың іргетасы қаланып жатыр. Құрылыс алаңында 30 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бұл қаржыға, айта кету керек, құрылыс жұмыстарынан бөлек емханаға арналған медициналық қондырғылар, жиһаз, сонымен қатар емдеу мекемесінің айналасын абаттандыру, көгалдандыру жүргізілетін болады.
Бескөл ауылындағы жаңа емхана жыл соңында тапсырылуы тиіс. Ал ескі ғимарат дәрігерлер жатақханасына айналады. «Бұл жас мамандардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 19 аурухана бар. Оның тең жартысы тозған. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері денсаулық сақтау нысандарын кезең-кезеңмен жаңғыртуды жоспарлап отыр. Қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Емдеу мекемелерін күрделі жөндеуге 11 млрд. теңге қажет.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков