Алматыда эндокринологтардың халықаралық конгресі басталды
Алыс-жақын шетелден келген сала мамандары гормондық бұзылыстардың алдын алу және емдеу мәселесін талқылап жатыр.
Сондай-ақ дәрі-дәрмекті қолдану және емдеу ісіне жасанды интеллекті енгізу мәселесі қарастырылды.
Еліміздегі эндокриндік аурулар медицина шеңберінен шығып, экономикалық мәселеге айналды. Жыл сайын бұл аурулардың алдын алу мен емдеуге 480 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінеді екен. Ал, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту халықаралық талапқа сай болуы керек. Бұл туралы эндокринологтар конгресінде айтылды.
Жангентхан Абылайұлы, медицина ғылымдарының докторы:
- Қазір жаңа технология, ЖИ, цифрлық медицина дамып келе жатыр. Дамығанда күнделікті, егер біз бүгін бұл мәселені кіргізбесек, біз кеш қаламыз. Өйткені дүние жүзі, қазір барлық жерде ЖИ, цифрлық медицинаны күнделікті өздерінің тәжірибесіне енгізіп жатыр.
Эндокринологиялық аурулардың жиі кездесетіні – ол қант диабеті. Елімізде 560 мыңнан аса адам сусамырға шалдыққан. Екінші орында қалқанша безінің аурулары тұр. Семіздік те дәрігерлерді алаңдатып отыр. Ғалымдардың пікірінше, бұл дұрыс тамақтанбау, стресс және қимылдың аздығынан болады. Соңғы жылдары эндокриндік бұзылыстар қатарына ерлер бедеулігі де қосылған.
Жанай Ақанов, Қазақстандағы диабетті зерттеу қоғамының президенті:
- 30 жыл бұрын біз көбіне әйел бедеулігі туралы айтсақ, қазір ерлер бедеулігі басталды, деп айтуға болады. Бедеу жігіттерге эндокринолог, андролог және репродуктолог дәрігерлердің көмегі қажет. Бұл өте үлкен мәселе.
Конгресс қатысушылары эндокриндік ауруларды емдеу мен алдын алудың халықаралық жобасын әзірлемек. Ол үшін 9 елден маман шақырылған. Себебі аталған ауру тобына жататын қант диабеті жасарып, балаларға да жеткен.
Жангентхан Абылайұлы, медицина ғылымдарының докторы:
- Балалардың ішінде пайда болып келе жатқан қант диабетіне, зоб-қа, оны қалай тез анықтау керек, соған ЖИ қандай инструмент болып, қалай оны тәжірибеге пайдалану жөнінде біз бүгін пікір алысамыз.
Халықаралық конгресс ғалымдар арасындағы байланысты арттырып, ортақ жобалар мен зерттеулерге жол ашады. Бүгінгі кездесу соңында еліміздегі эндокриндік ауруларды емдеуге байланысты барлық ұсыныстар жинақталатын болды.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев