Алматылық эпидемиологтар хантавирус туралы пікір білдірді
Жаз жақындап, жұмысшылар еңбек демалысын жоспарлай бастады. Дәрігерлер шетелге саяхаттағанда гигиеналық талапты сақтауды ескертіп жатыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, қауіпті аймақтың бірі – Үндістан. Ол жақта холера мен жіті ішек инфекциясы қауіпті. Вьетнам, Тайланд, Шри-Ланка елдерінде масадан жұғатын Денге қызбасы деген вирус бар. Эпидемиологтар әлемді алаңдатып отырған хантавирус туралы да сөз қозғады. Оның екі тармағы бар. Бірі – бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызба. Екіншісі – хантавирустық өкпе синдромын туғызып, ауыр вирустық пневмонияға әкеледі. Инфекция кеміргіштерден, ұзын құйрықты күріш тышқаны арқылы беріледі. Шаң-тозаңмен бірге ауаға көтерілген вирус та адам ағзасына түседі.
Жайдаркүл Отарбекова, қалалық СЭБД аса қауіпті жұқпалар мен туберкулезге эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы:
- Өршуінің себебі лайнердегі жағдай. Яғни бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы. Каютада болуы. Яғни ұзақ уақыт адамдар бір-бірімен қатынаста болған кезде жұғады. Біздің елімізге келу қаупі өте төмен. Себебі шекаралық аймақта санитарлық карантиндік бақылау пунктері жақсы жұмыс жасайды. Алғашқы ауру белгілері бар кезде сол оқшаулау мүмкіншіліктері бар.